Әлеуметтік желіде қоғам белсендісі Ербол Мәндібек танымал дін өкілі Нұрлан имамнің отбасылық видеосына қатысты айтылған сын-пікірлерге қатысты ой айтты, деп хабарлайды Аlash.kz.
Оның айтуынша, Нұрлан имам желіге үйінде қызымен шахмат ойнап отырған сәтін жариялаған. Алайда кейбір қолданушылар имамның тұрмыс жағдайына байланысты түрлі жағымсыз пікір қалдырған.
– «Мәссаған, жағдайын жасап алыпты ғой»,
– «Мұндай үй екінің бірінде жоқ»,
– «Ақшаны қайдан алған?» деген сарындағы пікірлер жазылған.
Ербол Мәндібек мұндай көзқараспен келіспейтінін айтып, Нұрлан имамның қоғамға пайдалы, сауатты уағыз айтып жүрген медиа тұлға екенін атап өтті.
Ол дін саласында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, әсіресе жастар арасында дұрыс бағыт-бағдар беріп жүрген азаматтардың еңбегін бағалау қажеттігін жеткізді. Сонымен қатар, адал еңбегімен табыс тауып жүрген адамдарға күмәнмен қарау орынсыз екенін айтты.
– «Көршің байыса қуан» деген сөздің астарында терең мағына бар. Біреу жарқырап жүрсе, тек қуана білейік. Біреуді күндеу, тілдеу ешкімге абырой әкелмейді», – деп жазды ол.
Пікір авторы қоғамға пайдасын тигізіп жүрген азаматтардың жетістігіне қолдау білдіру мәдениетін қалыптастыру маңызды екенін атап өтті.