Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева АҚШ-тың Сент-Луис қаласында өткен Cairns Cup халықаралық турнирінде қола жүлдені жеңіп алды, деп хабарлайды Alash.kz.
Он үздік шахматшы бақ сынаған беделді жарыс тоғыз турға созылды. Үздіктер қатарынан көрінген Асаубаева жалпы 5 ұпай еншілеп, 3-орынды америкалық спортшы Кларисса Йиппен өзара бөлісті.
«Жалпы алғанда нәтижелі турнир өтті — +1 көрсеткішімен аяқтап, 3–4 орындарды өзара бөлістім.
Сент-Луиске қайта оралғаныма өте қуаныштымын! Шақыртуы үшін және осындай жоғары деңгейдегі шараны ұйымдастырғаны үшін @stlchessclub ұжымына алғыс білдіремін!
Келесі турнир небәрі бір аптадан кейін басталады», – деп жазды спортшы.
Аталған додада алтын медальді 6,5 ұпай жинаған қытайлық Тань Чжунъи еншілесе, күміс жүлде 6 ұпай еншілеген тағы бір америкалық шахматшы Элис Лиге бұйырды.
Бұл турнирдегі табысты өнері үшін қазақстандық спортшы 35 мың АҚШ доллары көлемінде (шамамен 16 миллион теңге) сыйақы алды.
Жеңісінен кейін Бибісара Асаубаева өзінің Telegram-арнасында: «Бірқалыпты турнир. Өз деңгейінде өтті дер едім. Ең бастысы – мен жақында, ақыры АҚШ-тан кетемін. Бұл жақта ұзақ болып, сәл шаршап қалдым», — деп әсерін бөлісті.