Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

АҚШ Ресейдің ядролық қару жасап жатқанын мәлімдеді

04:55, 16 ақпан 2024 315



Америкалық барлаушылар кеше Ресей жасап жатуы мүмкін ғарыштық қару ядролық күштік қондырғыдан тұратын құрылғыға көбірек ұқсайтынын мәлімдеді.

Олардың пайымдауынша, ол спутниктердің ішіндегі электрониканы бұғаттауға, жандыруға, зағиптандыруға бағытталған. Бірақ осынау қару сол жерсеріктерді атып түсіруге арналған жарылғыш атомдық оқтұмсық емес.

inbusiness.kz сайтының жазуынша, бұл ақпарат сәрсенбі күні АҚШ Өкілдер палатасының барлау комитетінің республикашыл төрағасы Майк Тернер «ұлттық қауіпсіздікке елеулі қатер» туралы әдеттен тыс мәлімдеме жасағаннан кейін белгілі болды.

Бірақ «Рейтер» агенттігінің хабарлауынша, Ресейдің жаңа мүмкіндіктері Америка Құрама Штаттарына шұғыл қауіп төндіріп отырған жоқ. Бейсенбі күні АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен де бұл пікірді қуаттады.

Ресейдің ғарыштық бағдарламаларын бақылайтын сарапшылардың пікірінше, ғарыштық қауіп ядролық оқтұмсықтардан емес, спутниктерге шабуыл жасайтын және атомдық энергияны қажет ететін қуатты құрылғыдан келуі мүмкін.

Бұндай құрылғыда сигналдарды өшіретін, сенсорларды соқыр ететін қарулар – ең қорқыныштысы – белгілі бір орбиталық аймақта барлық спутниктердің электроникасын жандырып жіберетін электромагниттік импульстар (ЭМП) болуы мүмкін.
«Ресей ядролық қуат алатын жүйені дамытып жатыр... Бұл - орбитаға шыққанда электрондық соғыс жүргізетін жүйе. Мұндай теория «Ресей ядролық жарылғыш оқтұмсық тасымалдайтын қару жасап жатыр» деген теорияға қарағанда ықтималдау», – дейді қару-жарақты бақылау жөніндегі сарапшы Дэрил Кимбалл «Рейтерге» берген сұқбатында.

Кремль болса, Мәскеудің ғарыштағы жаңа ядролық мүмкіндіктері туралы америкалық ескертуді жоққа шығарып, бұны «зиянды ойдан шығарылған сандырақ» деп атады.

Фото: pixabay.com
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар