АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф Мәскеуге келді – бұл АҚШ президенті Дональд Трамптың Украинадағы соғысқа байланысты Ресейге қойған ультиматумының мерзімі аяқталуына бірнеше күн қалғанда болды. Сәрсенбі күні түсте Кремльде оны Ресей президенті Владимир Путин қабылдады, деп Alash.kz ұлттық порталы BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды.
Бұған дейін Батыс басылымдары Путин соғысты жалғастыруды көздейтінін, бірақ Трамппен қатынасты да толықтай бұзғысы келмейтінін жазған болатын.
Сәрсенбі күні таңертең Уиткоффтың ұшағы "Внуково" әуежайына қонды. Бір сағат өтпей-ақ ТАСС агенттігі оны Ресей тікелей инвестициялар қорының басшысы және президенттің арнайы өкілі Кирилл Дмитриевпен бірге "Зарядье" паркінде серуендеп жүрген сәтінен суреттер жариялады.
Стив Уиткофф кім және неге ол келіссөз жүргізуде?
Бұл – Трамптың арнайы өкілінің Мәскеуге бесінші сапары. Ол бұған дейін де, сәуір айының соңында келіп, Путинмен кездескен. Бұл жолғы кездесуі де Кремльде өтті және шамамен үш сағатқа созылды.
Келіссөздерден кейін Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков мәлімдегендей, Путин АҚШ-қа Украина мәселесі бойынша "шұғыл дабыл" жіберген. Оның айтуынша, дәл осындай "дабыл" Ақ үй басшысынан да түскен.
Ультиматумға санаулы күн қалды
Уиткоффтың бұл сапары Трамптың Ресейге қойған ультиматумымен тұспа-тұс келіп отыр. АҚШ президенті Украинадағы тоқырауға наразы болып, Ресейге 50 күн мерзім беріп, оны кейін 10 күнге дейін қысқартқан. Бұл мерзім жұма күні, 8 тамызда аяқталады.
Кеше CNBC арнасына берген сұхбатында Трамп алдағы 24 сағатта Үндістаннан келетін импорттық тауарларға кедендік баж салығын 25 пайыздан айтарлықтай көтеретінін мәлімдеді. Бұл шешім Үндістанның Ресей мұнайын сатып алуды жалғастыруымен байланысты.
Трамп сонымен қатар Ресейге қатысты алдағы әрекеттерін Уиткоффтың келіссөздер нәтижесіне қарай шешетінін айтты:
"Ертең Ресеймен кездесу өтеді. Не болатынын көрейік", – деді ол.