Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

АҚШ пен Қытай қақтығысы: соғыс теңізге ауыса ма?!

08:10, 07 ақпан 2023 244
Әлемнің бірінші, екінші экономика алпауыты саналатын Америка мен Қытай қатынасы Ши төраға билікке келгелі бері барған сайын ушығып барады. АҚШ-тың коммунистік билікті тұқыртып келген кісілік құқық, демократия қатарлы үйреншікті ұртоқпағы басқа арнаға бұрылып, тіпті де қатая түсті. Трамп «сауда соғысын» бастаса, жұмсақ позиция ұстанады деген Байден билігі «Чип соғысын» ашты. Қоян жылы кіргелі бері екі ел қатынасы жақсарудың орнына, барған сайын ушығып барады.

Қытайға қарсы жаңа қадамды бірінші болып АҚШ Конгрессі жасады. Орта мерзімдік сайлауда парламентте басым орынға ие болып, артынан өзара айдай болып, төрағасын әрең сайлаған республикашылдар іштерінен арнайы Қытай мәселесін реттейтін заң жобаларын дайындаумен айналысатын комитет құрды. Оған Трамп заманынан Қытайға тісін қайрап келе жатқын азулы Конгрессмендер топтасты. Олар бірден Қытайдың әлемді жайлаған коронавирусқа, жүйеден індеттен қайтыс болған миллиондаған Америкалықтың өліміне басты жауапкер екенін анықтайтын заң жобасын дайындап, 4.8 триллион өтемақы өндіріп алуды ұсынды. Қытайдың жанды жері Тайуанға байланысты да жаңа заң жобасын әзірлеп, палата төрағасы Маккарти демократ Пелоси Нансидан қалыспай көктемге қарай Тайуанға сапарлай баратынын мәлімдеді.

Жаңа жылдағы Қытайға қарсы екінші соққыны АҚШ әкімшілігі Ақ үй жасады. Ақпанның басында американың әр өңірдегі тұрғындары төбелерінен ай дейін десе ай емес, үшпа денені байқағаны жер жаһанға мәлім болды. Ол ұшпазат Қытайдың тыңшылық мақсаттағы көлемі үш дана автобуспен парапар әуе шары болып шықты. Қытай тарапы басында мойындамағанымен, артынан жел айдап кеткен азаматтық мақсаттағы өздеріне тиеселі дүние екенін мойындады. Сенбі күні АҚШ соғыс ұшағы алып шарды ашық теңізге шыққан орайлы сәтте атып түсірді.

Әлем сақшысы атанған Американың аспанына Қытайдың «адасқан», анығында аңыс аңдап кірген әуе шары АҚШ жұртын ала тайдай бүлдірді. Трамп бастап, Пампео қостап Байден билігінің бейқамдығын, шұғыл шешім жасауға қауқарсыздығын сынады. Ақ үй жағдайдың бақылауда болғанын, президент Байденнің ақпанның бірі күні атып түсіруге шешім қабылдағанын, тұрғындардың қауіпсіздігін басты орынға қойып, орайлы сәтті күткенін жеткізді. Қызды-қыздымен Қытайдың тыңшы әуе шарының Америкада алғаш байқалып отырмағанын, Трамп кезінде үш рет көрінгенін айтып салды. Трамппен оның бұрынғы командасы оны жоққа шығарды. Айтып-айтпай Қытайдың жел айдаған, не әдейі жіберген әуе шары демократияның кесірінен ауа жайылып бара жатқан АҚШ-тың бейқам тұрғындарын бір сілкігендей болды. Мемлекет хатшысы жексенбіге жоспарлаған Қытай сапарын күшінен қалдырды. Дүниежүзілік екінші соғыста баса көктеп кірген жапон соғыс ұшақтары мен «11-қыркүйек» оқиғасы кезіндегі Әл-Қайданың шабуылымен салыстырып жатқандар бар.

Қытайдың жел айдаған заттарының Американы айналсоқтайтыны бірінші рет емес екені белгілі. Бұдан бұрынғы жылдары қытайдың кемелері әр құрлықтың теңіз айдынынан бой көрсеткенде де, «азаматтық мақсаттағы» деп құтылатын. Бұл жолғы әуе шарларының жолы АҚШ қорғаныс күштері жағынан кесілді. Байден билігі әуе шардың қалдықтарына зертханада сараптама жасап, бүге-шігесіне дейін анықтап, кезекті қатаң шараны содан соң барып қабылдамақ.

Қытай мен АҚШ қақтығысының ошағы теңіз тасымалы жолына талас, Тайуан мәселесі екені баршаға мәлім. Әуе шары оқиғасы соның бір шетін көрінісі ғана. АҚШ тарабы үшінші мерзімге сайланған Ши төрағаның ендігі мақсаты Тайуанды алу дейді. Олардың мәліметінше Қытай билігі 2025 жылға дейін әскери дайындықты сақадай сай етуге құлшына кіріскен. Американың украинаға танк беруі, Флиппинмен төрт әскери база салуға келісім жасасуы, соның бәрін бесқолдай біліп отырғандықтан екен.

Есбол Үсенұлы
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар