Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Ақсақал аға, азамат іні, отбасы араздық-дауды қой, бірік, жұрт қызметіне кіріс! Алаштың басын қорғауға қам қыл!

20:54, 15 сәуір 2024 516

Құдайдан соңғы күшті - тұрмыс ісі. Мен Жалпы Сібір сиезінің бұл есебін жазғанша саясат ісі неше белден асып көшті.

Біздің орыс Еуропа соғысынан шығып қалды. Уақытша үкімет абақтыда. Найзаның ұшыменен, айбалтаның жүзіменен болған өкіметті Россия жұрты өкімет демей тұр. Финляндия, Украина, Кавказ, тәмәм қазақ жан сауғалап,"бұл пәледен аулақ боламыз" деп бөлініп кетті.

Ушредительное собрание жақын арада болатын емес. Россия мемлекетінің халі нашар. Соғыстан шықтық, "уағданы бұздың" деп Англия, Франсия, Америка, Жапон, Италия бізге соғыс ашса - ғажап емес. Бұлай болса, біздің Россия мемлекеті жоғалуы мүмкін. Біз қарап отырсақ, қосақ арасында бос кетеміз. Қазақ жұрты болып бас қамын қылмасақ, болатын емес.

Есік алдынан дауыл, үй артынан жау келді. Алаштың баласы,"Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан" соң 200 жылда басына бір қиын іс келді.

Ақсақал аға, азамат іні, отбасы араздық-дауды қой; бірік, жұрт қызметіне кіріс! Алаштың басын қорғауға қам қыл!

Қыр баласы.

"Сарыарқа" газеті, №24, 12 желтоқсан, 1917 жыл.

Алаш (Семей) қаласы

Дереккөз: Бөкейхан Ә. Шығармалары. X том.-Астана, 2018

Alash.kz ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар