Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Әнші Алмас Кішкенбаевқа қатысты сот қашан өтеді?

13:37, 03 ақпан 2025 184

Әнші Алмас Кішкенбаевтың ісі сотқа түсті. Әртіске қандай айып тағылып отырғаны белгілі болды, деп хабарлайды Alash.KZ.

Кішкенбаевқа қатысты іс Алматының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралады. 

Сот отырысы бүгін, 3 ақпан сағат 17.20-ға белгіленген.

- Сот өндірісінде Кішкенбаев Алмас Бексейітұлына қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабының 1-бөлігі (“Ұсақ бұзақылық”) бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралуда. 2024 жылғы 31 қаңтарда іс бойынша мән-жайларды қарастыру мүмкін болмады, себебі жәбірленуші, кәмелетке толмаған К.-ның заңды өкілі ауызша өтініш білдіріп, іс материалдарымен танысу үшін қарау күнін кейінге қалдыруды сұрады, – делінген сот кабинетіндегі ақпаратта.

Бұған дейін журналист Михаил Козачков Telegram каналында 2007 жылы туған бозбаланың полицияға шағым түсіргенін жазған. Айтуынша, 17 жасар курьерге кешкі уақытта үш бөтелке сыраға тапсырыс берілген. Тауарды жеткізген соң, шамамен 40 жастағы ер адам жасөспірімді бірге ішуді ұсынған және интимдік тұрғыда тиіскен деген дерек келтірілген.

Оқиғаға байланысты жеткіншектің әкесі бірден құқық қорғау органдарына жүгінген. Кейін полиция қызметкерлері әнші Алмас Кішкенбаевты бөлімшеге жеткізгенін растады. Тексеру барысында сыраға тапсырыс берген адам дәл осы Кішкенбаев екені анықталды, бірақ оның қылмыстық әрекетке барғаны әлі дәлелденген жоқ.

Алматы қалалық полиция департаменті бұл оқиғаға орай ресми түсініктеме берді:

“Әкесі кәмелетке толмаған ұлына тиісу фактісі бойынша арыз жазды. Қазіргі уақытта тексеру жүргізіліп жатыр. Барлық мән-жайды анықтау үшін азамат К. полицияға жеткізілді”.

Заңгерлердің пікірінше, егер күдіктің расталмағаны анықталса, Кішкенбаевтың абыройын қалпына келтіру мәселесі өз алдына бөлек қаралуы мүмкін. Ал егер жасөспірімнің арызындағы деректер рас болса, әнші заң алдында жауап береді.

Алмас Кішкенбаевтың өзі әзірге ешқандай ресми мәлімдеме жасаған жоқ.

Істің ақ-қарасын ажырату үшін продюсер Ерлан Алимовке байланысқа шыққан едік. Алайда ол үш ай бұрын әншімен жұмыс істеуін тоқтатқанын мәлімдеді. 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар