Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Әлиханға жеке еңселі ескерткішті есімімен аталатын көшеге қойсақ жарасар еді

23:08, 29 наурыз 2024 342

Алашты біз кең көлемде танытуымыз қажет. Бұл бағытта түрлі жұмыстар жасалуда. Қоғам алаш арыстарына өзінің оң бағасын беріп қойған. Қазір Алашты қалың қауым қолдайды деп ойлаймын. Себебі қазақ болып, мемлекет болып сақталуымыз үшін біз Алашқа ораламыз. Алаш – біздің темірқазығымыз.

Алайда кейде Алаш мұрасын дәріптеуде көңіл толмайтын жағдайлар да кездеседі. Оны Алаш қайраткерлеріне берілген көшелерден де байқаймыз. Мәселен Алаш арыстарының көбіне көше аттары Астананың шет аймақтарынан бұйырды. Ахмет Байтұрсынұлының көшесі қаланың шетінде болды. Көптің мәселе көтеруімен Ахаңның көшесі қазіргі Әзірет Сұлтан мешітінің қасынан жаңа темір жол вокзалына қарай бағытталған үлкен көшеге ауыстырылды. Әлихан Бөкейханның да көшесі солай болды. Бұрын шағын ғана көше болып еді. Кейін Алаш көсеміне көше сол жағалаудан берілді. Неге сол жағалаудағы үлкен даңғылдарды Алаш қайраткерлеріне бермейміз? Бұл мәселе де бізді толғандырады.

Әлихан Бөкейханның ескерткіші Қаламгерлер аллеясына қойылды. Әлихан – жан жақты тұлға. Әдеби шығармашылықпен де айналысқан. Жазған шығармалары, аудармалары бар. Бірақ Әлихан – алдымен ұлт-азаттық Алаш қозғаласының көсемі ғой. Сол себепті біз Әлиханға жеке еңселі ескерткішті есімімен аталатын көшеге қойсақ жарасар еді.

Мағжан Жұмабайұлына Астанада әлі күнге дейін ескерткіш жоқ. Мағжанға ескерткішті түрік бауырларымыз Анкара қаласының төрінде қойған. Осындай жағдайларды ойлағанда, әлі де Алашқа дұрыс баға берілмей жатыр деп ойлаймыз. Оны алаштанушы мамандар, қоғам белсенділері, журналистер айтады. Бірте-бірте бұл бағытта да жағдай жақсарады деп сенеміз.

Алашты зерттейтіндер көбейіп жатқандығы қуантады. Себебі Алаш дегеніміз – ұлтты, елді және өз-өзімізді тану, тәуелсіздікке, елдікке қызмет ету. Алаш дегеніміз – ұлттың ұйысуы, ұлт рухының жаңғыруы, тарихи тұлғалардың тірілуі. Мұның барлығы тәуелсіздікке қызмет ететін жағдай. Бұл орайда сын айту қажет емес. Жалпы жер-жерде институттар, қоғамдық қорлар жұмыстарын жүргізіп жатыр. Олардың көбісінен хабардармыз. Бұл бағытта жасалып жатқан жұмыстарға тілектеспіз.

Алаштанушы ғалым Қайырбек Кемеңгер

El.kz сайтына берген сұхбатынан үзінді

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар

Сирия үшін дау

20:41, 07 желтоқсан 2024 309