Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Әлиханды түсіну үшін қазақты сүйетін жүрек керек» - алаштанушы ғалым Айгүл Ісмақова

16:57, 10 наурыз 2024 436

"1971 жылы Оксфорд энциклопедиясына шыққан мағлұматта «Әлихан Бөкейхан - революционер, сондай-ақ, халық ауыз әдебиетінің зерттеушісі, қазақ эпосы мен фольклорын зерттеген тұңғыш ғалым» деп жазылған. Сорбонна университетінің жазбаларында да осыған саятын деректер кездеседі. Алаш көсемінің «Қобыланды батыр» туралы екі зерттеуі бар.

Алғашқысы, «Қобыланды батыр» жырының эпостық негізін талдау болса, екінші еңбегінде жырдағы әйел кейіпкер - Аналық, Қарлыға, Құртқа, Көклән кемпірдің суреттелген оқиғаларға байланысты қызметін жіктеп, талдап береді. XX ғасырдың басында төңкерістен есі шыққан қазақ халқына сенім ұялатар, елін қорғаған батырдың бейнесін алып шығу керек болды. Сондықтан, Әлихан Бөкейхан Қобыланды батырдың ауыз әдебиетіндегі ертегі емес, тарихи тұлға екенін дәлелдейді.

Әлихан Бөкейханның кезінде Толстойды түсініп сөйлеу - кез-келген саясаткерге абырой әкелген. Тіпті, алаш қайраткері әдебиетті саяси баяндамаларда жиі қолданған. Білімділігінің арқасында саяси ортададағы «Гете келтіреді», «Шопенгауэр сөйлейді», «Толстой айтады» деген пікірлері Мартин Лютер мен Абайдың ойларымен тұжырымдалады. Ахат Шәкәрімұлының естелігінде «Ғалихан аға Шәкәрімнің Толстоймен хат алысуын қадағалады» делінген. Демек сол 1918 жылдардың өзінде Әлихан Бөкейхан екі ойшылдың пікір алмасуын зерттеп, Толстойша ойлай білген.Толстой классикалық роман негізін қалады. Пушкин ресейліктердің күні болды. Достоевскийді XIX ғасырдың аяғындағы орыс халқының пайғамбары деп жатты. Осы кезеңде Әлихан қазаққа жол нұсқар ұлы тұлғаның керек екенін түсінді. Ол Бұқардың толғауларын жатқа білетін, Мәскеуде Радловтың жазуымен «Қозы Көрпеш-Баян Сұлуды» кітапқа басқан, «Ертарғынның» Марабай ақыннан жазып алынған нұсқасын, 1923 жылы үй қамауында отырып «Ерсайынды» шығарады. Бірнеше ғасырлық қазақ поэзиясын біліп отырып, Әлихан солардың арасынан Абайды бөліп алады. 1907 жылы Семейдегі Абайдың ұрпағымен танысып, Кәкітаймен хат алысып, 1909 жылы Абайдың тұңғыш жинағын шығаруды өз мойнына жүктейді. 1905 жылы орыс халқына таныстыру үшін «Абай Құнанбаев кім?» деген некролог жазады. Әлем әдебиетімен жақсы таныс Әлихан Абайдың өлеңдері Гетенің шығармаларынан кем түспейтінін байқап, оның лирикасын Еуропалық үлгілермен тең қояды. 1914 жылы Ахмет Байтұрсыновтың «Қазақтың бас ақыны» атты мақаласын жазуға септігін тигізді. Себебі, 1909 жылғы Әлиханның Ахметке жазған хатында «Сіз сөз өнерін қалыптастырған Абай туралы жазыңыз, халық ауыз әдебиеті жөнінде жазыңыз» деген тапсырма бергені бар. Сондықтан, Абай есімінің қазақ пен орысқа, шетелге таралуына Әлихан Бөкейханның сіңірген еңбегі мол.

Таңқалдырғаны Әлиханның жан-жақтылығы. Саясаттанушы, тарихшы, әдебиетші, ұлт-азаттық қозғалыс, Алашорда үкіметінің басшысы ұлт мүддесін өз мойнына алды. Әсіресе, әдебиет пен мәдениеттің қазақ өміріне керектігін айқындап берді. Қазақтың тілі ғана емес, әдебиеті, әні өлмеу керек деген Әлиханнан Затаевич өлең жазып алып отырған. «Ұлт әдебиетінде қазақтың тарихы жатыр» деген саяси көсем: «Біздің тарихты Карамзин секілді том-томдап жазғандар жоқ, олардың керегі де жоқ. Біздің тарих эпоста, романда, халық әндерінде, Абайда тұр» - дейді. Оның ойын кейіннен Жүсіпбек, Мағжандар жалғастырды. Кез-келген істе ұлттық мүдде тұруы керек деген Әлихан Нұрмұхамедұлы Шәкәрімнің шежіресін жоғары бағалады, «Алаш» қалмақтың емес, қазақтың сөзі деп тұңғыш дәлелдеп шықты.

Әлихан өзінен кейінгілерге оқулық жазуды тапсырып, 1922 жылы Мағжан Жұмабаев «Педагогиканы», 1923 жылы Жүсіпбек Аймауытов «Психологияны», Міржақып «Есеп құралын» жазды. Ең таңқаларлығы Әлиханда «Біз істемегенде кім істейді?» деген қағида болған. Қазақтың қай тұсы кенже қалып жатыр, сол бағытта жұмыс атқарған және бұл саяси көсем бола тұра жасалынған дүниелер. Әлиханды түсіну үшін қазақты сүйетін жүрек керек".

алаштанушы ғалым,профессор Айгүл Ісмақова,

Abay.kz ақпараттық порталына берген сұхбатынан үзінді

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар