Атырауда бір отбасының төрт мүшесін айуандықпен өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемәлиевтің ісі бойынша кезекті сот отырысы өтті. Процесс барысында куәгер ретінде шақырылған марқұм Қарабалиндердің туысы Асила Мұқанғалиева қоғамда қызу талқыланып жатқан бірқатар күмәнді ақпараттарға нүкте қойды, деп жазады Alash.kz.
Ол Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваның күдіктіден бес баланы тартып алмақ болғаны туралы қауесеттің шындыққа жанаспайтынын мәлімдеп, керісінше, қайтыс болған жандардың Сұлтан мен Ақбаянның шаңырағына үнемі демеу болып келгенін алға тартты.
Асила Мұқанғалиева берген мәлімдемесінде отбасында балаларға қатысты ешқандай дау-жанжалдың болмағанын нақтылап жеткізді:
«Марқұм ағам да, жеңгем де балаларды тартып аламын, алып қалып, бағамын деп айтқан жоқ. 5 баланы ауылға әкеліп таста, осымен әңгіме жабылсын деп талап қойды дегенге сенбеймін. Бұл — бос әңгіме».
Куәгердің айтуынша, Қарабалиндер отбасы Ақбаян мен Сұлтанға жақсылықтан басқа ештеңе жасамаған. Тіпті Ақбаян денсаулығы сыр беріп ауырған қиын сәттерде Наурыз Мұқанғалиев күдікті Сұлтанмен бірге жүріп, оның ем-дом шараларын ұйымдастыруға барынша жәрдемдескен.