АҚШ Президенті Дональд Трамптың Қаржы министрлігіндегі сенімді өкілдері ел тәуелсіздігінің 250 жылдық мерейтойына орай ерекше бастама көтерді, деп хабарлайды Alash.kz.
Олар 2026 жылдың 4 шілдесінде атап өтілетін айтулы датаға тарту ретінде Трамптың суреті бейнеленген жаңа 250 долларлық банкнотты айналымға енгізуді талап етуде. Қазірдің өзінде АҚШ қазынашылығы Вашингтондағы Графика және баспа бюросына жаңа ақшаның алғашқы үлгілерін дайындауға тапсырыс беріп қойған.
Жаңа купюраның дизайны дайын болып, оны мемлекет басшысының өзі мақұлдаған көрінеді. Осы орайда, банкнот дизайнын жасаған британдық суретші Иэн Александер Трамптың бұл жаңалықты қалай қабылдағанын жеткізді:
«Дизайнды жеке өзім әзірледім және оны Трамптың өзімен келісіп қойдық. Ол бұл жобаға толықтай тәнті болды».
Алайда бұл идеяның жүзеге асуына елдегі ескі заңнамалық талаптар үлкен кедергі келтіруі мүмкін. АҚШ-та 1866 жылдан бері қалыптасқан ереже бойынша, ұлттық валютада тек өмірден өткен тарихи тұлғалардың ғана портретін басуға рұқсат берілген. Сондықтан бұл жоба мемлекеттік ведомство ішінде де үлкен текетірес пен қызу дау-дамай тудырып жатыр.
Графика және баспа бюросының бұрынғы директоры Ларри Феликс бұл қадамның құқықтық негізі жоқтығын айтып, заң тұрғысынан өз уәжін білдірді:
«250 долларлық купюраға заңмен рұқсат берілмеген. Бұл идеяны іске асыру үшін Қаржы министрі Скотт Бессентке Конгрестің нақты мақұлдауы қажет».
Сарапшылардың пікірінше, егер АҚШ Конгресі бұл бастаманы ресми түрде қолдап, заңға өзгеріс енгізбесе, Дональд Трамптың бейнесі салынған жаңа мерейтойлық банкнот заңсыз деп танылып, айналымға шықпай қалуы әбден мүмкін.