Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Екі бауырын өртке оранған үйден аман алып шыққан»: 9 жасар Бейбарыстың әрекеті елді сүйсіндірді (ВИДЕО)

14:44, 29 мамыр 2026

Батыс Қазақстан облысына қарасты Аралтөбе ауылында 9 жастағы Бейбарыс Тілекберген есімді жеткіншек тілсіз жаумен бетпе-бет келіп, ерлік көрсетті, деп жазады Alash.kz.

Ата-анасы жұмыста болған сәтте баспанада электр сымдарының қысқа тұйықталуынан өрт шығып, үй ішін қою түтін басқан. Көмек күтіп уақыт жоғалтпаған мектеп оқушысы өртеніп жатқан үйдің ішінен өзінен кіші екі бауырын сыртқа алып шығып, аман-есен құтқарып қалды.

Оқиға ақпан айында орын алған. Тілсіз жау лап еткен сәтте кішкентай кейіпкер ештеңеге қарамастан бауырларын құшақтап, сыртқа қарай ұмтылған. Ол сол бір қорқынышты сәтті келесідей еске алды:

«Өзім де қатты қорықтым. Содан кейін дәлізге шықтық. Екі жастағы інімді жетектеп алып шықтым, ал сегіз айлық бауырымды қолыма көтеріп алып шықтым. Сол кезде үй толықтай жанып жатқан еді».

Бейбарыстың бұл батыл әрекетіне ауыл тұрғындары мен мектеп ұжымы таңғалмаған. Себебі ол өзінің жауапкершілігімен, сабақты үздік оқитынымен және аудандық, облыстық олимпиадаларда топ жарып жүрген дарындылығымен ерекшеленген.

Қазіргі уақытта қайғылы жағдайдың салдарынан көпбалалы отбасы баспанасыз қалып, уақытша коммуналдық пәтерді паналап отыр. Ауыл халқы мен бейжай қарамайтын азаматтар арнайы қор құрып, зардап шеккен отбасына жаңа үй салу үшін жан-жақты көмек көрсетуде. Сондай-ақ, жергілікті билік те бұл мәселені назардан тыс қалдырмады. Аудан әкімінің орынбасары Серік Тоқмамбетов мемлекет тарапынан «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында тұрғын үй сатып алу немесе жаңа баспана тұрғызу бағыттары қарастырылып жатқанын мәлімдеді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар