Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Аттан оңбай құлап, есінен танып қалған»: Ақмола облысында 14 жасар бала қаза тапты

09:22, 29 мамыр 2026

Ақмола облысына қарасты Рахымжан Қошқарбаев ауылдық округінде жеке тұлғалар ұйымдастырған көкпар жаттығуы қайғылы жағдаймен аяқталды, деп хабарлайды Alash.kz. 

Шара барысында 14 жастағы жасөспірім аттан құлап, алған жарақаттарынан есін жимастан оқиға орнында көз жұмды. Ресми органдардың мәліметінше, бұл спорттық жиын ешқандай мемлекеттік мекемемен келісілмеген және заңсыз өткізілген.

Анықталған мән-жайларға сүйенсек, аталған жаттығу жиыны тек ересектерге арналған және оған балаларды қатыстыру мүлдем жоспарланбаған. Жасөспірім бұл орынға туыстарына ілесіп келген болып шықты. Алайда, ойын қызып жатқан сәтте қатысушылардың бірі келмей қалғандықтан, ұйымдастырушылар оның орнына кәмелетке толмаған баланы алаңға шығарып жіберген.

Бұл бұқаралық шараның өтуінен жергілікті билік мүлдем бейхабар болған. Ақмола облыстық спорт басқармасы да, аудандық әкімдік те бұл жаттығу туралы өздеріне ешқандай ресми хабарлама немесе ескерту түспегенін айтып, оқиғаға қатыстылығын жоққа шығарды.

Қазіргі уақытта Ақмола облыстық полиция департаменті осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдарын бастады. Құқық қорғау органдары қайғылы жағдайдың толық мән-жайын анықтап, заңсыз ойынды ұйымдастырушылар мен қатысушылардың қауіпсіздігіне жауапты болған тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға беретін болады.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар