Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Әлихан Бөкейханға хат: «Қазақстан тарихы туралы жазыңыз. Осының өзін ғылым деп есептеймін»

23:39, 13 тамыз 2024 992

Қатырмасына: «Алушы: Москва, Воздвиженка, Ә.Бөкейхановқа. Жіберуші: Қызылорда, С. Киловскийй п. 4, 15 пәтер. Желкен» деп жазылған дәл осындай мағлұматы мол хаттың шекесіне тергеушілер «10/ІV-28 ж.», - деп белгі қойған.

«Әлеке!

Сіздің «Жаңа мектепке» жіберген 27 мақалаңызды Мадиярдың қолынан алдым. Нағында 33 мақала екен. «Жарасын алдырған апа» №5 санға салынды. «Семенның әкесі» №6 санға барады. Сондай-ақ «Ақылсыз қасқыр да» («Жаңа мектептің» «Балаларға базарлық атты» №6 қосымшасында) сонда берілді. Қалғандары да бірте-бірте осылай жариялана бермек. Бір-екі мақаланы Мадиярға қайтардым. Сіз шамасы «Жарасын алдырған апаны» көрген жоқсыз-ау деймін. (Өйткені «Жаңа мектепті» жаздырып алмайсыз ғой). Сізге тиесілі төмендегі соманы «орамал ретінде» (қаламақы - Т.Ж.) «Жаңа мектептің» кезекті санымен қосып жіберіп отырмын. Жарияланған мақалаларыңызға тиісті қаламақыны алу үшін «қағаз жіберіңіз». Онсыз мында босатпайды «Жаңа мектепте» «Сырлы әдебиет» бөлімі ашылды. Соған да арнап мақала жіберіңіз. Бірден «басқарманың атына» жолдаңыз.

Енді алдағы уақытта «Жаңа мектепке» қандай мақалалар керек екеніне тоқталайын. «Жаңа мектептің» әр санында «Өлкетану» деген айдармен менің немесе басқа біреудің мақаласы тұрақты түрде беріліп тұрады. Оған ешқандай редакциялық түсіндірме жасалмайды. Сондықтан да редакция біздің пікірімізбен санасады ғой деп ойлаймын. «Жаңа мектеп» мұғалімдердің сұранысын қанағаттандырады деп үміттенеміз. Бір сөзбен айтқанда, «Жаңа мектеп» журналы мектеп оқушылары мен мұғалімдеріне ем ретінде қонады деп үміттенеміз. Бұған «Жаңа мектептің» таралымының өсуі мен әр жерден келіп жатқан хаттар көз жеткізеді. Қаражаты тапшы, газет-журнал оқып үйренбеген, арнайы маманданған басылымға үйренбеген мұғалімдердің сұранысы күшейіп, ақшаларын жіберіп жатыр. Бұрын 50 адам ғана жаздырып алушы еді, қазір олардың саны 800-ден асты. Арнайы ұйымдастырушы ұстамаймыз, бірақ та кейінгі екі жарым айдың ішінде (№3 санынан бастап) жазылушылардың саны 1000-ға жетті. Оқу-ағарту коммисариаты «Жаңа мектепті» үлгі ретінде ұстанып отыр. Осыған қарағанда «Жаңа мектеп» дер кезінде ашылған сияқты. Сондықтан да олардың пікіріне қосылмау мүмкін емес. Оқырмандар мен талап етушілердің тілегі бойынша әдебиет бөліміндегі материалдарға берілетін түсініктермен келісу керек шығар.

«Сын бөліміндегі» материалдар жеткіліксіз. Бұған сіздің араласуыңыз керек деп есептейміз. Сіздің келіспейтініңізді білсем де (әрине бұл менің өз күдігім), «Табиғаттану бөліміне» жазып тұрыңыз. Жер, ауа райы, топырақ, су, құм, өсімдік, геология, Қазақстан тарихы туралы жазыңыз. Осының өзін ғылым деп есептеймін. Көп адам бізге қатыспаса да, кеңес бермесе де, мұғалімдер бұл туралы жазып тұрады. Тым болмаса 1908 жылы қазақ жері туралы Сібір журналдарына шыққан мақалаларыңызды қазақ тіліне аударып жіберіңіз.

Желкен. 13/V - 26 ж.»

«Желкен» деген кім? Біздің пайымдауымызша бұл сол тұста «Жаңа мектеп» журналында қызмет еткен, алдыңғы хатта аты аталған Алаш рухты қаламгер Молдағали Жолдыбайұлы. Дегенмен де нақты анықтауды қажет ететін аса мүдделі әдеби тұлға. Өйткені мұнда Әлихан Бөкейхановтың баспасөзге ұсынған 33 мақаласының саны көрсетіліп, оның тақырыбы анықталып отыр. «Жарасын алдырған апа», «Семеннің анасы», «Ақылсыз қасқыр» сияқты балаларға арналған тәржімалары нақты айтылады. Мұның өзі Алаш қайраткерінің өмірі мен шығармашылығын барынша толық зерттеуге негіз қалайды.

Осы томның 168 бетінде Ахмет Байтұрсыновтың «Әлди-әлди» өлеңінің қолжазбасы да бар. Зады Ә.Бөкейхановтың пәтерінен тәргіленсе керек.

Дереккөз: Тұрсын Жұртбай, "Ұраным - Алаш!..." Бірінші кітап.-Алматы, 2019

Alash.kz ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар