Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Әлихан Бөкейхан: Қазақ жерінен біз су тапсақ, сонда Еуропа шаруа жолына көшеміз

23:48, 18 сәуір 2024 458

А.Бессер. 1924 жылы Мәскеуде басылып шыққан, 80 бет.

Өсімдік күннің жарық сәулесіне, жылылығына, суға құмар. Біздің қазақ жерінде алдыңғы екеуі көп, жалғыз-ақ су жоқ. Су жаңбырдан, қардан, шықтан пайда болды. Біздің жерде қар да, жаңбыр да, шық та аз.

Бір жылғы жерге түскен суды өлшейтін білім туралы орында бәлен миллиметр деп есеп қылады. Бір аймақта жылына 300 миллиметр су түседі десе, бір десятина жерге 240 мың шелек су пайда болады деген болады. Бір миллиметр 7 шелек қарсы құда. Осыны ұмытпау керек.

Орынбор, Текеде бір жылғы су 300 миллиметрге жетпейді. Қазақ жерінің көбінде 150-200 ғана миллиметр, Арал теңізінде 100-ақ, Астрақанда 150-ақ миллиметр болады. Орынбор, Теке, Астрақан біздің қазақ жерінің дымқыл сулы Ресейге қараған жиегінде бұларға қарағанда қазақтың өзге аймағы құрғақтау болады. Біздің қазақ жерінде суға, дымқылға бай аймақтар биік таулар: Алтай, Тарбағатай, барлық Алатау, Сарыарқаның Семей облысындағы тап белі. Мұны да ұмытпау керек.

Ресейде орташа егін алуға жылына 400 миллиметр су керек. Ана жоғарғы есеппен бір десятинаға 320 мың шелек су болады. Біздің қазақ жеріндегі егін жаман шығатын осы суға біздің жердің кедейлігі. Қазақтың ерте заманнан мал баққаны осыдан. «Сезім тұрмыс құлы» деп Маркс айтқан. Қазақ жерінен біз су тапсақ, сонда Еуропа шаруа жолына көшеміз.

Бізбен жиектес Ресей аймағының егін шығыс түрі мынау: 1921 жылы 1891-ден 1911 жылға дейін егін шықпаған жылдар:

Сарытау губерниясында - 1916, 1921 жылдар.

Бұлар біздің Теке мен Бөкейдің шектес жерлері. Біздің қазақ жері суға бұлардан да кедей. Қазақ тап шөлдің ұясы болады. Қой, түйе, жылқы баққан ел болмаса, қазақ жерінде өзге шаруамен адам өмір сүрмейді.

Біз сынға алып отырған кітапта егін салып, шаруа түзету жолын жазған. Су тапшы жерлерде егінді төлдету шарасын қарастырған. Біздің қазақ баласы кітап оқып, шаруа басқарар деген үмітпен, Кеңес кеңселері басшылығымен біз бұ кітапты қазақ тіліне аударып, енді мұны қазақ шаруалары оқыр деп үміттеніп отырмыз.

Бір жерге қайта-қайта бидай, сұлы, тары сала берсе, о жер жылдам тозады, бидай салатын жерге лаулап шөп салып алып, қайта бидай салса, аңыз тозбайды. Егінші аңызын тастап, жаңа жер іздеп көшпейді.

Келер жылы егін салатын жерді бір жыл бұрын алдын алып жыртып отырса, бұ жер су сақтайды. Жаңбыр аз болса да, егін шығады. Егіннің қандай төлдеуі жерді жыртқан уақытқа байлаулы: бір десятинадан апрельде жыртса - 108, майда - 100, июнде - 76 пұт бидай алған. Тәжірибе тілі осы. Осыны ұмытпау керек.

Жазғытұрым ғана жерді тырнап, қазақша егін салса, десятинадан 20-ақ пұт түседі. Мұны да ұмытпау керек. Біздің жазып отырғанымыз суармай салатын егін. Суарып салған қазақ егіні Мысырдан басқа жерге бәйге бермейді. Біздің жердің суы болса, байлығы осындай!

Қысты күні егістікке қар жиса, ақ қала соқса, боран өзі қар жиып береді. Қарды желдің бетіне көлденең жыртса қар үйелейді. Жылқының тебініне қар үйелегенін көрмеген жылқы баққан қазақ жоқ. Қар жиылған десятинадан 61 пұт бидай өнеді. Осы секілді ақыл Бессер кітабында жазылған.

Қыр баласы.

«Егінді төлдетуге талас» мақаласынан

«Ақ жол» газеті, 07.01.1925 ж., №523

Alash.kz ұлттық порталы

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар