Астанада 85 жастағы, көзі көрмейтін кейуананың үйі көршілерінің атына өтіп кеткені белгілі болды, деп хабарлайды Alash.kz.
Бұл туралы ақпаратты оның көршісі Мәдина Зұбайраева хабарлады. Оның айтуынша, жалғыз ұлынан айырылған қарияға күтім жасауды бірнеше көрші өз мойнына алған. Кейін үйді өз атына аударған соң, кейуанаға дұрыс қаралмағаны айтылды.
Әжеге күтім жасаған Инна бұл айыптауларды жоққа шығарады. Оның сөзінше, үйде ешкім болмаған кезде әжені сыртынан жауып кету қауіпсіздік мақсатында жасалады. Сонымен бірге, қария өз үйін Иннаның азаматтық некедегі жұбайы мен тағы бір көршісінің атына өзі аударғанын айтты.

Әкімдік қарияның қазіргі уақытта медициналық тексеруден өтіп жатқанын растады. Тексеріс қорытындысы бойынша қарсы көрсетілімдер болмаған жағдайда, оны “Шарапат” орталығының стационарына арнайы әлеуметтік қызметтер алу үшін жіберу жоспарланып отыр.