Санкт-Петербург қаласының Смольнинский аудандық соты рэпер Энди Картрайттың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарды, деп хабарлайды Alash.kz.
Сот шешімімен Марина Кохал өз күйеуі – музыкант Александр Юшко (сахналық аты Энди Картрайт) өлімінде кінәлі деп танылып, 12 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Сотталушы кінәсін мойындаған жоқ.

Қылмыстық оқиға 2020 жылғы шілде айында орын алған. Тергеу деректеріне сәйкес, Невский даңғылындағы пәтерден марқұмның бөлшектенген денесі табылған. Дененің бөліктері полиэтилен пакеттерге салынып, бір бөлігі тоңазытқышқа орналастырылған.
Тергеу органдары Кохалдың әрекетін алдын ала жоспарланған қылмыс ретінде бағалады. Тергеу нұсқасы бойынша, ол инсулин сатып алып, күйеуіне еккен, соның нәтижесінде музыкант көз жұмған. Кейін денені бөлшектеу, ішкі органдарды кір жуғыш машинаға салу және тұзбен өңдеу әрекеттері қылмыстың ізін жасыруға бағытталған деп танылды.

Қылмыстық іс бес жылға созылды. Бұл мерзім іс бойынша тағайындалған көпсанды сот-медициналық сараптамалар мен өлім себебі жөніндегі пікірталастарға байланысты ұзартылған болатын.
Марина Кохал тергеу барысында 15 ай уақыт тергеу изоляторында болды, кейін үй қамаққа ауыстырылды және сотқа дейін белгілі бір әрекеттерге тыйым салу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Сот СИЗО-да өткізілген күндерді жалпы жаза мерзіміне есептейтінін хабарлады.
Марқұмның артында биыл мектепке барған кәмелетке толмаған ұлы қалды.