Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Әлихан Бөкейхан: Жастар, жұртшылдар, өз бетіңмен іске кіріс!

23:34, 19 сәуір 2024 439

Алдымыз үлкен той. Жалпы жұрт жаңа болатын земствоға кіріспек.

Земство - жұрт өзі сайлап қоятын мәжіліс мекеме. Жұрттың көзі, жанашыры, күзетшісі, қамқоры, қорғаушысы. Тұрмыс-тіршілікте земство билемейтін іс болмайды.

Земство үш орында, үш дәрежеде болады: болосной, уезной, облосной. Бұлар біріне-бірі қол. Әрқайсысында іс атқаратын жұрт сайлап қойған басшы мекеме болады, орысша - управа. Бұл іс атқаратын мекеменің сыртынан бағып тұратын, мынаны істе деп іс беретін мәжілісі болады. Бұл орысша гласныйлардың собраниесі.

Үш земствода өз алдына үш - болосной, облосной собраниесі (гласныйлардың) болады. Бұл мәжілістің өкілдерін жұрт сайлайды. Жылына өкілдер неше мәрте мәжіліс құратыны о бастан белгілі болады. Бұл земство өкілдері қалай сайланатыны ендігі нөмірде жазылар. Енді қысқартып земство істейтін тұрмыс-түршілік ісін атап өтелік.

Земство қолға алып қылатын істің бір зоры - бала оқыту. Земство мектеп, школ салады. Медресе көрмеген бала болмайды..

Оқудан шығып қарайған адамның көзін ашуға үлкенге де білім, ғылым шашуға земство көшпелі, уақытша білгіш мұғалім жалдап оқу үйретеді. Оқу бәйгесіне қосылмай арманда қалған адам болмайды. Жүйрік, білгіш барынша болғаны жарыққа шығып, жұртқа қызметін көрсетеді. Сонда жұрт тарқы жолына жылдам түспек.

Земство дәрігер жалдап, аурухана ашып, ауруды емдетеді. Қотыр, соқыр, таз, ноғай қотыр, сүзек, шешек болмасқа себеп болады. Европада, тарқы еткен жұрттарда осы айтылған аурулар жоқ. Болса, болымсыз жұрттарда бар.

Германия, Англияда шешек жоқ. Әлде қалай болса қалса, жоғалтып жібереді. Біздің орыстың земствосының ауруханасы, дәрігері жұртқа есепсіз пайда келтіріп отыр. Талай жұртқа пайдалы іс осы земство дәрігерінен шыққан. Земствоға шеберлер таласып кіреді. Государственни Думаның ағзалары, бостандықтан кейін министр болған Шингарев, Гуднев земство дәрігері.

Земство қолында малды емдеу ісі болады. Топалаңнан, қотырдан жылына қазақтан сан малы өледі. Земство кіріссе, бұл аурудан бір мал өлмейді. Топалаң, жамандатқанды малға егіп қойса, мал ауырмайды. Біздің қазақ земствосы топалаң, қотыр, жамандатқаннан қазақ малын алып қалса, мұның шаруаға қанша пайда екенін мен қазаққа үйретпеспін.

Земство мал сүйегін тазартатын жұртқа өнер көрсетеді. Біздің қазақтың мұжық келген жеріне белгілі болған қалмақ сиыры дейтін қызыл, көк сиыр қазақ сиырымен тұқымдас. Шаруа күйлеген мал сүйегін жақсылай білетін жұрт жақсыны жақсыға алып, тамағын күтіп, таза сүйекті, базарда пұл, қызметке күшті сиыр қылып алу. Қазақ малын осы жолмен тазартса, дүниеде жоқ мал шығады. Қазақ жылқысындай көнбіс жылқы жер үстінде жоқ.

Земство жұртқа егін салу жолын көрсетеді. Егін тамырын ұстай білген жұртта егін шықпады болмайды. Германияда тұқымды шашқан соң, қанша астық алатыны белгілі, бұған шек жоқ. Соған тұқымына банкадан қарыз ақша алады, бір пұдына пәлен пұд түседі деп есеп қылып. Егінді салып, күн жауа ма, жаумай ма деп көкке қарап бізше отырмайды. Егін сала білетін жұртта қызмет қылса, жемісі қанша болатыны күн бұрын белгілі. Земство егін ісін жолға салады.

Земство қойма-склад жасап, жұртқа арзанға егін оратын, пішен шабатын сайман алып береді. Соқасыз, шалғысыз, машинасыз қазақ болмайды. Көп земство қосылып, күрмеліп, союз болып завод ашпақ. Керек-жарақты осы заводта істетпек. Осы күнде мұхитқа шатыр болатын темір сататын земство союзы бар.

Земство қолында сот болады. Судияны земство сайлап қояды. Милицияны земство жалдап қояды. Земство жол түзейді, көпір салады, арық қаздырады, су алған пішендікті құрғатады. Земство егінді, малды страхование қылады. Жұрттың өз тізгіні өзіне келді деген міне осы.

Осы земствоға біздің қазақ шебер адам тауып, көштен қалмаса, біз жұрт болдық. Партия болып, қаңғыртсақ, бізді құдай оңдамағаны.

Келешек уақыттағы бала-шаға, үрім-бұтақтың бақыт, махаббаты үшін жұрт бүлдірген партия басы ақсақал, пысық қулар тыйылғаны жұрт пайдасы. Бірақ адам баласы нәпсінің құлы, бұлар маңдайына тас тимей тоқтамас.

Жастар, жұртшылдар, өз бетіңмен іске кіріс!

Қыр баласы.

«Қазақ» газеті, №236, 1917 жыл

Дереккөз: Бөкейхан Ә. Шығармалары. X том.-Астана, 2018

Alash.kz ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар