Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Әлихан Бөкейхан: Айтуға сөз оңай, сөзді іске айналдыру қиын жұмыс, мұны қиын деп бас тартса, қатардан қалып масқара болып қалды деген осы болады

00:32, 06 шілде 2024 400

МҰСЫЛМАН СИЕЗІ

(Соңғы сөз орнына)

Өткен 6-10 декабірде Петроградта мұсылман сиезі болып тарқады.

Бұл сиезді бастаған Петроград мәсжидінің [мешітінің] комитеті, жәмиғаты. Шақырған орыс қол астындағы мұсылман жәмиғаттарының өкілдері, іздегені мұсылман болып, көзге көрінерліктей қылып соғысқа көмек қылмақ. Осымен Петроградқа 35-дей өкіл жиылды. Біздің қазақтан мұнда екі өкіл болғанын өткен нөмірде жазып едік.

Біздің қазақта көзге көрінерлік жәмиғат жоқ. Жоғарыда аталған Түркістаннан барған екі телеграм арқылы: біз баруға бола ма? - деп сұрап, рұқсат алғаннан кейін кешігіңкіреп барған.

Бұл сиезге қазақтан бірлі-жарым шақырылған кісі бар еді. Бірақ айтқан іске айналдыру қиын болатын жағынан тартылып бармай қалып еді.

Өткен мұсылман сиезі біздің қазақ тілегі орыс патшалығы қол астындағы басқа мұсылмандар тілегімен де бірге екендігін көрсетті. Саясат ісі бірлікпен орнына барады. Біздің қазақ өкілдері мұсылман болып бірге іс қылайық дескен. Мұны біздің жұрт та теріс демес. Бұлай болса, өзге мұсылмандар мұсылмандар атынан саясат жолымен іс бастап, талап қылғанда, бізге кіріспеске болмайды. Айтуға сөз оңай, сөзді іске айналдыру қиын жұмыс, мұны қиын деп бас тартса, қатардан қалып масқара болып қалды деген осы болады. Мұны мұсылман сиезі мұсылман атынан істейміз деп байлау қылған іске қазақ болып бірігу керек.

Мұсылман сиезінің байлауы мынау: хүкіметтен рұхсат алып, жұрт ортасынан комитет ашпақ. Осы комитет кісілері соғысқа көмек беруге тиісті жолмен жұрттан қазына жимақ.

Қай жолмен қалай комитет сайлайтыны кезінде жазылар. Бұл үлгілі саясат жолында жұрт адамына білім-тағлым жол көрсететін іс, бұған қазақ жігіті кірсе, саясат жолынан тәлім алады, күндердің күнінде қазақ жұртына керек болатын іс атқарады. Жұртқа пайдалы іс қыламын деген қазақ бұған кірісіп іс қылу зор (міндет) мақсұд!

Ғали хан.

"Қазақ" газеті, 31.11.1914 жыл,№ 92.

Орынбор қаласы

Дереккөз: Бөкейхан Ә. Шығармалары. IX том.- Астана, 2018

Alash.kz ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар