Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Алматылық теннисші Президент кубогы финалына шықты

15:29, 25 шілде 2022 195
Бегзат өнер, әрі табысты спорт саналатын теннисшілер арасында Президент кубогының финалына шыққандар анықталды. Бұл туралы Қазақстан теннис федерациясы хабарлады.

Федерация мәлімдегендей, алматылық Денис Евсеев өз спорттық жолында бірінші рет челленджер турнирінің финалына жолдама алған.

Алматылық теннисші жартылай финалда өзінің жерлесі Бейбіт Жукаевты 6:4, 6:4 есебімен ұтты. Ол әр реткі ойында бір-бірден брейк жасап отырды. Д.Евсеев жексенбі күнгі болған финалда әлемнің 151-ші, ал жарыстың бірінші ракеткасы, Ресей ойыншысы Роман Сафиуллинмен бас жүлдені сарапқа салған болатын. Ресей теннисшісі жартылай жарыста отандасымыз Дмитрий Попконы ойсырата ұтты. Есеп: 6:3, 6:2.

Ойын қызықты әрі тартысты өтті. Мәселен, бірінші партияда жерлесіміз Евсеев басымдылық көрсетті. Есеп: 6:2. Ал екінші сетте Ресей ойыншысы Сафиуллин есе қайтарғанын айта кетейік. Яғни есеп - 6:4. Үшінші, яғни шешуші ойында Ресей спортшысы тай-брейкте жеңіске жетті. Ойын есебі - 7:6 (7:2).

Міне, осылай Роман өз спорттық жолында екінші рет челленджер турнирінде титулға қол жеткізді. Ол 80 рейтингілік ұпай мен 7200 АҚШ доллары көлемінде сыйақы алды.

Бабы келмесе де, бағы жанған жерлесіміз алматылық Евсеев финалда жеңіліп қалғанына қарамастан, дүйсенбі күнгі қайта жаңартылатын әлемдік рейтингіде 341-ден 269-орынға көтерілген.

Алматыда студенттер мен оқушылар арасында тенниспен айналысатындар саны жылдан жылға артып отыр. Бұл әлемдік спорттың алматылықтар арасында эалпыласқанын көрсетсе керек.
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?