Рәсім барысында қоғамда белсенді көзқарас танытып, мемлекетке және қала өміріне адал қызмет етіп жүрген түрлі саланың өкілдері құрметке ие болды. Марапат иелерінің қатарында дәрігерлер, ұстаздар, мәдениет өкілдері, кәсіпкерлер, еңбек ардагерлері және қоғам белсенділері бар. Бұл азаматтардың еңбегі Алматы мен Қазақстанның өркендеуіне қосылған маңызды үлес.
Дархан Сатыбалды өз сөзінде Республика күнінің ел бірлігін, рухани тұтастықты және тарихи сабақтастықты білдіретін айрықша мереке екенін атап өтті. Әкім тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстан экономика, білім, ғылым, денсаулық сақтау және мәдениет салаларында айтарлықтай жетістіктерге жеткенін атап өтіп, мұның бәрі халықтың қажырлы еңбегінің арқасы екенін айтты. Ол әрбір алматылықтың еңбегіне ризашылық білдірді.
Сонымен бірге әкім Мемлекет басшысының бастамалары еліміздегі жаңару үдерістерін жеделдетіп, қоғамда әділдік пен тәртіпті нығайтуға бағытталғанын атап өтті. «Әділетті Қазақстан», «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан», «Адал азамат» сияқты бағдарламалар елдегі оң өзгерістердің негізіне айналып отырғаны айтылды.
Президент Жарлығымен ақын Марфуға Айтхожа «Қазақстанның халық жазушысы» атағына ие болды. Қазақ радиосының ардагері Аманжан Серіковке «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», ал тәжірибелі дәрігер Нұрзия Дәуренбековаға «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» атағы берілді.
Сонымен қатар еңбек ардагері Есентай Тәжиев «Барыс» орденінің II дәрежесімен марапатталды. 19 алматылық «Құрмет» орденін, екі азамат «Еңбек Даңқы» орденінің III дәрежесін, үш тұрғын «Парасат» орденін иеленді. «Ерен еңбегі үшін» медалі 45 азаматқа табысталып, қоғамдық және қайырымдылық қызметтегі белсенділігі үшін алты адам «Шапағат» медалімен марапатталды.