Алматы қаласында 2025 жылдың басынан бері 4 жеке меншік және 2 жоғары оқу орнына тиесілі жатақхана пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 5 жатақхананың құрылысы аяқталып, іске қосылады. Бұл туралы Алматы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында қала әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков хабарлады, деп жазады Alash.kz.
"Біз үшін Алматыда білім алып жатқан студенттердің қолайлы жағдайларда тұруы аса маңызды. Осы бағытта инвесторларды қолдаймыз, жоғары оқу орындары мен жеке әріптестер үшін жаңа мүмкіндіктер ұсынамыз. Бұл – жай ғана құрылыс емес, бұл – ертең қаланы дамытуға атсалысатын жастарға жасалған инвестиция", – деді Азамат Қалдыбеков.
2025 жылдың алғашқы тоғыз айында қалада жалпы сыйымдылығы 1 115 орынға арналған 6 жатақхана іске қосылды. Оның төртеуі – жеке меншік, екеуі – ЖОО-ларға арналған. Жыл соңына дейін тағы 4 934 орынға шақталған 5 нысан пайдалануға беріледі.
Жобалардың жүзеге асу қарқынын арттыру және бизнестің қызығушылығын күшейту мақсатында Алматыдағы ұлттық ЖОО-лар үшін ғимараттарды жатақханаға бейімдеуге берілетін мемлекеттік тапсырыс мөлшері ұлғайтылды. Бұрын бұл көрсеткіш бір орынға 92 АЕК болса, енді ол 182 АЕК-ке дейін артты.
Бұл – инвесторлар үшін елеулі ынталандыру болып отыр. Нәтижесінде жатақхана құрылысы жылдамдап, студенттер заманауи әрі жайлы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі.
Студенттік жатақханалар инфрақұрылымын дамыту – жастар үшін қолайлы қала қалыптастырудағы жүйелі жұмыстың бір бөлігі. Бұл қалада әрбір студент сапалы білім алып, дамып, өзінің әлеуетін толықтай жүзеге асыра алуы тиіс.