Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Алматыда балалар вокалдық байқауының алтыншы маусымы өтті

02:43, 23 шілде 2022 248
Еліміздің мәдениет ордасында балаларға арналған шаралар да өте жиі өтеді. Соның айғағы жыл сайын Алматы қаласында  «Бақыт деген - сенің бала күндерің» атты балалардың вокалдық қабілетін шыңдауға арналған байқау арнайы ұйымдастырылады. Биыл да шілде айында Алматыдағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрында балалар вокалдық фестиваль-байқауының алтыншы кезеңі өтті.  

Биыл балалар жылы аясында ұйымдастырылып жатқан шараға да балалар тарапынан сұраныс өте жоғары болып отыр. Жыл өткен сайын ауқымы кеңейіп келе жатқан байқауға биыл Қазақстанның әр өңірінен 400 ден астам өтініш келіп түскен.  Іріктеу нәтижесінде вокалдық қабілеті мықты деп танылған 20 бала ғана фестивальға іріктеліп, ал ең соңында байқауға 6 мен 15 жас аралығындағы 10 бала қатысып бақ сынасты. Балалардың вокалдық қабілетін ерте жастан анықтап, шыңдаудың маңызы зор екенін ескерсек, мұндай балаларға арналған шаралардың да өз орны бар екенін анық сезінеміз.

Биыл алтыншы рет өткізіліп отырған фестивальда еліміздің белгілі эстрада жұлдыздары қазылық етті. Атап өтер жайт аталмыш шараның жеңімпаздары қазіргі таңда халықаралық деңгейдегі шараларға қатысып, қанаттары қатайып келеді. Бұл «Бақыт деген сенің бала кездерің» байқауының балалардың вокалдық деңгейін бағалауда өздеріне сенімділік бергенінің, балалардың ән айту деңгейінің өсіп келе жатқанының айғағы болса керек. Мәселен аталмыш шараның өткен маусымдарының жеңімпаздары, 50-ден астам қатысушысы  Ресейдегі  «Голос. Дети» «БалаларЕвровидениесі», «Қазақстан дауысы», «Бала дауысы» және «Central Asia’s got talent» секілді отандық және шетелдік байқаулардың лауреаттары атанып үлгерген. Сондықтан еліміздегі балалардың қабілетін байқап, қанатын шыңдап шығаратын шараның ұйымдастырылу деңгейі де артып келеді.

Ал биылғы байқаудың супергран-при жүлдесі Орал қаласынан келген 8 жастағы Айбике Сатпаеваға бұйырса, Гран-приді Талдырқорғаннан келген 11 жастағы  Имангелді Аяулым жеңіп алды. Бірінші кезеңде қазақстандық өнер жұлдыздарының туындыларын, ал екінші кезеңде шетелдік танымал әндерді шырқаған балалардың ән айтуда айтарлықтай тәжірибе жинап, кәсіби тұрғыда жетіліп келе жатқаны байқалуда. Демек балалардың бағын сынауда мұндай шаралардың маңызы зор!

Балалар арасында жыл өткен сайын сұраныс ұлғайып келе жатқан шараның телевизиялық нұсқасы биылдан бастап «Алматы» телеарнасынан көрсетіліп бастады. Бүгінде телевизиялық жобаға айналып үлгерген байқаудан үздік шыққандар гала-концертте отандық эстрада жұлдыздарымен жұп болып, өнер көрсетуіне де жол ашылып жатқаны балалардың ата аналарын да қуантуда. Еліміздің түкпір түкпірінен  жиналып бір ай көлемінде мәдени қалада демалып, тәжірибелі әншілерден сабақ алып, бос уақыттарында әсем қала Алматыда көңілді уақыт өткізгендеріне балалар да дән риза!

 
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар