Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Алматы облысының еріктілері белсенділігімен көзге түсуде

03:05, 19 шілде 2022 331
Еліміздің жастар және балалар мәселесі мемлекеттің басты назарында. Осы орайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялаған болатын. Балалар мәселесіне тереңірек көңіл бөлуді, балаларды қоғамның қорғауына алуды басты мақсат еткен мемлекет басшысы билік тарапынан денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қамсыздандыру саласында нақты іс-шаралар жасалуы керектігін де қадап айтты. Осы орайда Алматы облысында жастар мен балаларға арналған көптеген жұмыстар атқарылуда.

Атап айтсақ, Алматы облысында «Мейірімді Жетісу» еріктілер фронт-офисінің волонтерлері өз жұмысын 2020 жылы ақпан айынан бері қарқынды жүргізуде. Облыстық фронт-офис жетекшісі – Бексеитова Жанерке Бейбітқызы осы уақыт аралығында жастармен қыруар жұмыстар атқарды. Мәселен қазіргі таңда облыс бойынша 8400 ерікті тіркелген. Волонтерлік ұйымдар саны – 100, ал жастар ісі жөніндегі комитет саны – 41, жастар үкіметтік емес ұйымдар саны – 85 ке жетіп отыр. Биылғы жылдың басынан бастап «Күшіміз бірлікте» қайырымдылық акциясы аясында 404 – 404 «Жедел желісі» іске қосылып, жалғызбасты, көпбалалы отбасылардан жалпы саны 181 қоңырау шалынып, сол қоңыраулардың негізінде сан алуан жұмыстар атқарылған. Санамалап айтар болсақ Алматы облысында жыл басынан бері 3824 –тен астам қайырымдылық акциясы ұйымдастырылыпты. Оның ішінде «Birgemiz: Ayala» бағыты бойынша 124-тен астам іс-шара үйсіз жануарларды қорғауға және көмектесуге бағытталған. Үйсіз жануарлардың қоршаған ортаға көп зияны бар екенін ескерсек еріктілердің бұл бағыттағы жұмысы айтарлықтай дей аламыз. Ал «Birgemiz: Asyl Mura» бағыты бойынша ескерткіштерді тазалау, тарихи-мәдени объектілерді сақтау бойынша жыл басынан бері – 68 рет акция ұйымдастырылыпты. Көп жағдайда қараусыз күйде қалса көпшіліктің назарын аудартатын ескерткіштерді сүртіп баптау жұмысын еріктілер қамқорлығына алу арқылы көп мәселенің алдын алу мүмкін болып отыр.

Ал «Birgemiz: Bilim» бағыты бойынша халықтың әртүрлі топтарын цифрлық, қаржылық, тілдік, компьютерлік сауатылыққа оқытуда волонтерлік көмек көрсету жөніндегі қызмет бойынша жыл басынан бері 142 акция өткен. Халықтың көп бөлігі әлі де болса ақпараттық технологияның дамуына ілесе алмай келеді. Сондықтан «Birgemiz: Bilim» бағыты халықтың көңілінен шығып отыр. «Birgemiz: Qamqor» бағыты бойынша 2268 акция ұйымдастырылып, 10 820 аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға және жалғызбасты қарттарға көмек көрсетіліпті.

«Birgemiz: Saylyq» бағыты бойынша науқастар күтіміне көмек көрсету бойынша 116 акция ұйымдастырылып, дәріханалардың жұмыс кестесі туралы ақпарат беру мақсатындағы «Онлайн дәріхана» акциясы аясында 11- 20 қаңтар күндері 36 жалғызбасты қартқа олардың өздерінің қаражаты есебінен дәрі-дәрмектер жеткізіліп берілген. Биылғы жылдың қаңтар айы республика бойынша қиын күндер болғанын ескерсек, бұл жұмыстардың сол қиын күндерде маңызы зор болды деп айта аламыз.

Сондай-ақ «Birgemiz: Sabaqtastyq» бағыты бойынша волонтерлердің балалар үйінің тәрбиеленушілеріне, халықты әлеуметтік қорғау жүйесіндегі әлеуметтік қызмет көрсету бойынша – 189 акция өткізілген.

«Birgemiz: Taza Alem» бағыты бойынша – қоршаған ортаны қорғау, өзендер мен ормандарды тазарту, ағаш отырғызу, қоқыстарды сұрыптауға үйрету бойынша 328 рет акция ұйымдастырылып мәселе шешімін тапқан. Көп жағдайда халықтың қоршаған ортаға аяусыз көзқарасы байқалып қынжылтып жатады. Ал бұл олқылықтың орнын бүгінде еріктілер толтырып отыр.

«Birgemiz: Umit» бағыты бойынша жоғалған адамдарды іздеу, апаттар қаупін азайту және табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын жоюға қатысты бойынша – 589 акция өткізіліп, еріктілер көмегімен жүзеге асқан. Соңғы жылдары төтенше жағдай кезінде еріктілердің белсенділігі көп рөл атқарып келе жатқанын аңғарып жүрміз. Сондықтан «Birgemiz: Umit» бағыты да халық көңілінен шығып келеді.

Сонымен қатар, еріктілердің көмегімен облыс бойынша орнатылған блок-бекеттердегі 688 сарбазға ыстық тамақ таратылып, одан бөлек, Талдықорған қаласының аумағында орналасқан блок-бекеттердегі 400-ден астам сарбаздар ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Жалпы әр бағыт бойынша мақсатты түрде жұмыс істеп жатқан Алматы облысының еріктілерінің ерекше белсенділігі байқалуда. Қазіргі таңда еріктілердің санын арттыру мақсат етілуде. Бүгінде 17 аудан мен 3 қалада өңірлік фронт-офистердің қызметкерлері волонтерлерді көбірек тарту үшін белсенді үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде. Бүгінде қандай жағдай болса да қиындықты бірге еңсеретін еріктілер қызметі елімізде өз орны бар екенін күн өткен сайын дәлелдеуде.

 
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар