Алматы қаласында жеңіл рельсті көлік (LRT) желісін салудың алғашқы дайындық шаралары қарқынды жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Alash.kz.
Қазіргі таңда басты құрылыс жұмыстары Б. Момышұлы және Төле би көшелерінің бойында қолға алынып, болашақ LRT бағыты өтетін аумақтар әзірленуде. Мұнда құрылыс аумағына тап келген инженерлік коммуникацияларды басқа жерге ауыстыру істері атқарылуда.
Қала әкімдігінің өкілдері: «Жоба аясында барлығы 375 инженерлік желіні, оның ішінде жылу, байланыс, сумен жабдықтау және кәріз, нөсер кәрізі, газбен және электрмен жабдықтау желілерін қайта орналастыру көзделген», – деп хабарлады.
Б. Момышұлы көшесінде, соның ішінде депо бой көтеретін аймақта 39 инженерлік желінің төртін ауыстыру аяқталды. Төле би көшесі бойындағы 269 желінің 34-і реттелсе, Абылай хан даңғылында тағы 67 желіні қайта орналастыру міндеті тұр.
Сонымен қатар бұрынғы трамвай рельстері толық бұзылып, жолдың ортаңғы екі жолағында топырақ қазу жұмыстары жүргізілді. Қозғалысты ұйымдастыру кезінде шеткі жолақтарда автокөліктердің жүруін сақтау басты бағыт ретінде алынған. Коммуникацияларды ауыстыру кезінде көліктер қарсы бағыттағы бір жолақпен өткізіледі, ал мұндай шектеулер әдетте бір-екі күннен аспайды. Жер телімдері босаған сайын рельстер мен шпалдар төселіп, негізгі құрылымдарды орнату басталады. Құрылыс қыс мезгілінде де тоқтамайды, төмен температурада бетон құю мен топырақты қорғаудың арнайы технологиялары қолданылады.
Жобалық шешімге сай, алғашқы желінің бірінші кезеңі Алатау ауданындағы индустриялық аймақта, Мөңке би мен Б. Момышұлы көшелерінің қиылысындағы деподан бастау алады.
Әкімдік мәліметінше: «Одан әрі желі Б. Момышұлы көшесімен Төле биге, Төле би көшесі арқылы шығыс бағытта Абылай хан даңғылына, одан әрі «Алматы-2» теміржол вокзалына дейін жалғасады. Соңғы станция ретінде «Райымбек батыр» көлік-ауысу торабы қарастырылған».
Аталған бірінші кезең толығымен жер үстімен өтеді, эстакадалар салынбайды, тек қолданыстағы көпірлер күшейтіледі. Іске қосылғаннан кейін Б. Момышұлы мен Төле би көшелерінің ортаңғы екі жолағы тек жеңіл рельсті пойыздарға беріліп, жиектастармен оқшауланады.
Жергілікті билік өкілдері: «Арнайы бөлінген жол қоғамдық көліктің қауіпсіз әрі тұрақты қозғалысын қамтамасыз етеді», – деп атап өтті.
Пойыздардың ең жоғары техникалық жылдамдығы 65-70 км/сағ құрағанымен, аялдамалар арасы 700 метрден келетіндіктен, орташа жылдамдық 30-35 км/сағ болады. Жобаның бірінші желісін 2027 жылдың соңында іске қосу жоспарланған, алайда бұл мерзім жылжымалы құрамдарды жасап шығару және жеткізу кестесіне байланысты өзгеруі мүмкін.