Алматы индустриалды аймағында қандай жобаларға басымдылық беріледі? Мысалы, технологиялық, инновациялық өнімдер шығаруға және импортты ауыстыруға бағытталған инвестициялық жобаларға басымдық берілетіні туралы аймақ ашылған уақытта айтылған болатын. Ұзақ болашақты жоспарлап салынған өнеркәсіптік аймақта қажетті барлық инфрақұрылым бар. Айталық, газбен қамтамасыз етілген. Сумен және электр энергиясымен, кәріз құбырымен, нөсер кәріздерімен, интернет желісімен, кәбілдік телефониямен, көлік және жолаушылар жолдарымен толық қамтамасыз етілген. Осы уақытта «Индустриалды» жеке теміржол станциясының құрылысы жүргізіліп жатыр.
Жуырда Индустриалды аймақтың нысандары бойынша баспасөз туры болып өткен-ді. БАҚ өкілдері Teplostil қасбеттік жылу панелін өндіретін зауытты және «Hyundai Trans Kazakhstan» автокөлік құралдарын өндіретін орталықты көрді. Сонымен бірге, «Бижан» ет өңдеу зауытын, «Әлмерек» медициналық бұйымдар зауытын және «Ala Estate» өнеркәсіптік паркін барып аралап көрді.
Teplostil зауыты жыл сайын 240 000 шаршы метр қасбеттік жылу панелін шығарады. Және күшейтілген полистирол көбіктен жасалатын сәндік бұйымдар өндіреді. Жобаның жалпы құны 800 млн теңге екен. Қазіргі уақытта кәсіпорында 30 адам жұмыс істеп жатыр.
Hyundai Trans Kazakhstan автокөлік құралы өндірісі – Алматы индустриалды аймағының күретамыры іспетті. Кәсіпорын биыл Hyundai Bayon кроссоверінің алғашқы тапсырыстарын шығара бастаған. Қазіргі уақытта зауыт Hyundai-дың – Sonata, Elantra, Santa Fe, Palisade, Tucson, Staria, i30, Bayon, Tucson, Accent сиқты он түрлі үлгісін шығарып жатыр. Жоспар бойынша зауыт жылына 45 мың көлік шығаруға қауқары жетеді. 800-ден астам алматылық жұмыс жасайды.
Алматыдағы Hyundai Trans Kazakhstan зауыты биыл 20 680 машина өндірген. Жыл аяғына дейін тағы 10 мың автокөлік өндіруді жоспарлап отыр. Ал зауыт келер жылы, яғни 2023 жылы отандық нарық үшін 40 мың машина шығаруды қазірден қолға алған.
Журналистер «Бижан» өндірісін аралап танысты. Бұл ет өңдеу зауыты Алматы Индустриалды аймағында жыл сайын кемінде 5 мың тоннадан астам ет өнім шығарады. Ет өнімдерінің ішінде шұжық пен жартылай дайындалған ет өнімдерінің жүзден астам әртүрі кездеседі. Қазіргі уақытта Алматы Индустриалды аймағындағы бұл кәсіпорында 250 адам жұмыс жасайды.
Кәсіпорынның басшысы Хадиша Нұртайқызының айтуынша, мемлекеттің отандық өнімді қолдауы бірінші кезектегі шаруа. «1998 жылы нарыққа шыққан өндірісте ең алғаш рет 8 адам еңбек етіпті. Ал Алматы Индустриалды аймақтағы аталмыш зауыт 2020 жылы жұмыс бастапты. Біздің мақсат – Қазақстан нарығын өзіміздің өніммен қамтамасыз ету» – дейді.
Журналистер Алматы Индустриалды аймағындағы барлық өндіріс орындарын аралап шықты. Көзбен көрді, қолмен ұстады - бәрімен танысты. Мұндағы зауыттар мен өнеркәсіптердің бәрі Алматы экономикасын дамытуға, Алматыдағы кәсіпкерлікті өркендетуге жұмыс жасап отыр.
Кемел ЖАН