Кездесу барысында тараптар мегаполистің энергокешенін («Самұрық-Энерго» АҚ, «Алматы энергетикалық станциялары» АҚ, «Алатау жарық компаниясы» АҚ «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ құрамына кіреді) дамыту перспективаларын, оның ішінде ЖЭО-2 газға ауыстыру, жылу магистральдарын, электр желілерін жаңғырту мәселелерін, Алматы агломерациясының тұрғын алаптарын одан әрі газдандыру, қоғамдық көлікке арналған газ құю станцияларын салу, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру және тағы басқаларын талқылады. Кездесуге «Самұрық-Энерго» АҚ, «Qazaqgaz ҰК» АҚ, «KEGOC» АҚ, «Samruk-Kazyna Construction» АҚ, «Алатау жарық компаниясы» АҚ басшылары қатысты.
Қала басшысы Ерболат Досаев қаланы тұрақты жылу және энергиямен қамтамасыз ету, залалды заттар шығарындылары көлемінің айтарлықтай төмендету Алматыны экологияландыру мен декарбонизациялау үшін аса маңызды басымдықтар болып табылатынын атап өтті. Бүгінде мегаполистегі ауаның ластануының негізгі себептерінің бірі ЖЭО-2 болып табылады, мамандардың бағалауы бойынша залалды шығарындылардың 30%-на дейін оған тиесілі. Қала әкімі ЖЭО-2 газға ауыстыруды белгіленген мерзімде жүргізу қажет екенін атап өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бірінші кезеңді 2024 жылдың желтоқсанында аяқтау жоспарлануда. «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басшылығы мерзімінде үлгеруге дайын екендігін растады. Жалпы, ЖЭО-2-ні газға ауыстыру бірінші кезеңді іске қосу кезінде залалды шығарындылар санын – 35 мың тоннадан 23 мың тоннаға дейін, 2026 жылы толық іске асыру кезінде – 2,7 мың тоннаға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Кездесу барысында ЖЭО-2 – БҚК қосатын жылу магистралін қайта жаңартуға ерекше назар аударылды. Қазіргі уақытта құбырлар диаметрінің өзгеруіне байланысты жобалау-сметалық құжаттаманы түзету қажет. Оларды жаңғырту жылу трассасының жеке тұрғын үйлерге жақын өтуіне байланысты қиын. Холдинг қалалық билік тарапынан жобаны іске асыруды қолдау туралы мәселені көтерді.
Тараптар сондай-ақ қаланы экологиясының маңызды құрамдас бөлігі болып табылатын газдандыру жөніндегі алдағы жоспарларды талқылады. Алматы бойынша газдандыру 99,2%-ды құрайды, бұл ретте 1074 жеке тұрғын үй және бау-бақша серіктестіктерінің саяжай массивтерінде орналасқан 1677 үй газға қосылмаған күйінде қалып отыр. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ ақпараты бойынша, ағымдағы жылы 355 жеке тұрғын үйді қосу үшін 23,2 км газбен жабдықтау желісін салу жоспарланған. Нәтижесінде Алматының газдандыру деңгейі 99,4%-ды құрайтын болады. Сонымен қатар, Алматы облысының шекаралас төрт ауданының жылыту кезеңінде ластаушы заттардың шығарындыларын азайту және олардың қала экологиясына, әсіресе желдің ұйытқи соғуына байланысты кері әсерін азайту үшін газдандырудың аса қажеттілігі атап өтілді.
Кеңеске қатысушылар желілерді жаңғырту процесін жеделдету үшін инвестициялық бағдарламаны және инвестициялық саясатты кеңейту мәселелерін талқылады. Мысал ретінде «Алатау жарық компаниясы» АҚ өкілдері бүгінде қаланың электрмен жабдықтау желілерінің тозуы 93%-ды, трансформаторлық қосалқы станциялардың тозуы 65% -ды, ал тарату қосалқы станцияларының тозуы – 75%-ды құрайтынын айтты.
Кездесу барысында тараптар «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ның «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру жөніндегі бірыңғай оператор ретіндегі маңызды рөлін атап өтті. Жоба аясында Алматыда 22 мектеп (37 мың оқушы орны, 14 мектеп «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ қаражаты есебінен, 8 мектеп – жеке инвесторлардың қаражаты есебінен) салу жоспарлануда, бұл Алматының мемлекеттік мектептеріндегі орын тапшылығын едәуір төмендетуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта Алматы әкімдігі жер учаскелері бойынша мәселелерді шешті, бюджетте инженерлік желілерге қаражат көзделген, құжаттарды бірлесіп дайындау жүріп жатыр.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ мен Алматы әкімдігінің бірлескен жобаларын іске асыру жөніндегі одан әрі қадамдар туралы уағдаласты.