Отандық эстрада жұлдызы Алтынай Жорабаева қызы Айарудың ұзату қарсаңындағы сырға салу салтанаты мен құдалықтан арнайы бейнежазбалар жариялап, оқырмандарынан сүйінші сұрады, деп хабарлайды Alash.kz.
Әнші шаңырағына қадам басқан жаңа құдаларын ақ дастарқан басында құрметпен қарсы алып, осынау айтулы сәтке аман-есен жеткізген Жаратушыға алғысын білдірді.
«Алланың қалауымен жаңа құдаларымызды төрімізге шақырып, есік-төр көрсетіп жатырмыз. Осындай қуанышты сәтке жеткізген Раббыма шүкіршілік етемін. Дастарқанымыз берекелі, қарым-қатынасымыз баянды, екі әулеттің арасы сыйластық пен татулыққа толы болғай. Әумин!», – деп жазды өнер иесі.
Бұдан кейін эстрада жұлдызы қызы Айаруды құдалар қауымына таныстырып, салтымызға сай болашақ күйеу балаға төс тарту жоралғысын жасағандарын айтты.
«Қызымызды құдаларымызға көрсетіп, күйеу баламызға төс тарттық. Салт-дәстүріміздің әрбір сәті – береке мен сыйластықтың айғағы. Алла тағала екі жасқа бақытты ғұмыр кешуді нәсіп етсін», – деді ол.
Сонымен бірге әнші қызының құлағына сырға тағылғанын жеткізіп, бұл сәттің кез келген ана үшін орны бөлек әрі толқынысты сәт екенін жазды.
«Міне, Аллаға шүкір, қызым сырғалым атанды. Бұл – ана жүрегі үшін ерекше, толқынысты сәт. Жаратқан екі жасқа татулық, береке, ұзақ өмір мен иманды ұрпақ берсін», – деп жүрекжарды тілегін білдірді Алтынай Жорабаева.