Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

“Әлемде екінші орында”. Маңызды! Қазақстандағы металл өндірісі туралы жағымды жаңалық шықты (ФОТО)

15:53, 20 желтоқсан 2025

Қазақстан жақын жылдары галлий өндіру көлемі бойынша әлемде екінші орынға шығуы ықтимал. Бұл мүмкіндік Eurasian Resources Group (ERG) компаниясының Жапонияның ірі корпорацияларымен қол қойған стратегиялық келісімдерінен кейін туындап отыр, деп хабарлайды Alash.kz.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жапонияға жасаған мемлекеттік сапары аясында ERG Mitsubishi Corporation RtM Japan Ltd. компаниясымен галлийді ұзақ мерзімге жеткізу туралы келісімге қол қойды. Галлий – электроника, жартылай өткізгіштер және жоғары технологиялық өндірістер үшін аса маңызды металл саналады.

ERG-дің галлий өндіру жобасы Павлодар алюминий зауыты базасында іске асырылмақ. Өндірісте ERG Research and Development әзірлеген технология қолданылады. Бұл әдіс металдың мөлшері аз ерітінділерден галлий алуға мүмкіндік беріп, бір мезгілде глинозем өндірісінің тиімділігін арттырады.

Жобаға салынатын инвестиция көлемі 12,5 млрд теңгеден асады. Нәтижесінде шамамен 70 жаңа жұмыс орны ашылады. Өндірістің жобалық қуаты жылына 15 тонна галлийді құрайды. Ал алғашқы өнімді 2026 жылдың үшінші тоқсанында шығару жоспарланған. Жоба толық іске қосылған жағдайда, Қазақстан галлий өндірісі бойынша әлемде екінші орынға көтеріледі.

Сонымен қатар ERG Mitsui & Co., Ltd. және Hitachi Construction Machinery компанияларымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды. Бұл құжаттар аясында заманауи технологияларды енгізу, цифрлық шешімдерді дамыту, тау-кен және металлургия саласындағы жабдықтарды жаңғырту, сондай-ақ декарбонизация жобаларын жүзеге асыру көзделген.

Ынтымақтастықтың басым бағыттарының қатарында көміртек ізі төмен өнім өндіру, тау-кен техникасын электрлендіру, жоғары қосылған құны бар өнім түрлерін дамыту және экологиялық таза өнімді халықаралық нарықтарға шығару бар.

ERG бас атқарушы директоры әрі директорлар кеңесінің төрағасы Шухрат Ибрагимовтың айтуынша, қол жеткізілген келісімдер Мемлекет басшысы айқындаған басымдықтарға толық сәйкес келеді және Қазақстанның стратегиялық маңызды минералдар мен жоғары технологиялық материалдардың жаһандық жеткізу тізбегіндегі орнын нығайтады.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар