Ақмола облысында қайғылы оқиға салдарынан 8 және 12 жастағы екі әпкелі-сіңлілі қыз көз жұмды, деп хабарлайды Alash.kz.
Қайғылы жағдай 11 шілде күні Целиноград ауданына қарасты Қызылжар ауылы маңындағы жасанды су қоймасында болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, отбасы табиғат аясында демалып, сол жерде түнеуді жоспарлаған. Таңертең суға шомылғаннан кейін екі қыз құрғақ киімдерін ауыстыру үшін жағалауда тұрған автокөлікке отырған.
Осы сәтте көлік күтпеген жерден өздігінен қозғалып, еңіспен төмен сырғып, су қоймасына құлаған.
Қыздардың әкесі бірден көмекке ұмтылып, көліктің есігін ашуға және терезесін сындыруға әрекет жасаған. Алайда автокөлік суға толық батып кеткендіктен, екі баланы аман алып қалу мүмкін болмаған.
Қазіргі уақытта оқиғаның нақты мән-жайы анықталып жатыр. Құқық қорғау органдары автокөліктің неліктен өздігінен қозғалғанын тексеруде. Тергеу қорытындысы бойынша тиісті құқықтық баға беріледі.