Өскемен қаласында екі жасар бүлдіршінге қатысты жыныстық сипаттағы қылмыс жасалды деген күдікпен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды, деп жазады Alash.kz.
Анасының арызы негізінде қыздың өз әкесі күдікті ретінде қарастырылуда. Оқиғаның мән-жайы ақпан айының ортасында белгілі болған. Баланың анасы оқудан оралып, қызын шомылдыру кезінде бүлдіршіннің біртүрлі әрекеттерін байқаған. Анасының мұны кім үйреткені туралы сауалына екі жасар қыз әкесін нұсқаған. Кейінірек баланың әжесінің үйінде болған қосымша әңгімелесу кезінде жантүршігерлік жайттардың беті ашылды. Анасының айтуынша, қызы ер адамның шалбарынан «құрт» көрсетіп, оны аузына салғанын және денесіне зақым келтіргенін айтып берген.
Баланың денсаулығы сыр беріп, дәретке отырған кезде ауырсыну сезімі пайда болғаны анықталды. Анасы қызының сөздерін былай деп келтіреді:
«Әкесі шалбарынан құртты көрсетемін деген... Саусағын салған. Ауырсынып, жара пайда болды».
Осы мәлімдемелерден кейін әйел бірден құзырлы органдарға жүгінген. Шығыс Қазақстан облыстық Полиция департаменті аталған дерек бойынша ресми іс қозғалғанын растады. ПД хабарлауынша:
«Анасының арызы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, қазіргі уақытта қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр».
Тергеу мүддесіне және кәмелетке толмаған баланың құқығын қорғауға байланысты өзге ақпараттар жария етілмеді.