Жамбыл облысында танымал спортшы Шавкат Рахмоновтың бұрынғы әйелі Гүлайым Рахмоноваға қатысты сот процесі аяқталды, деп жазады Alash.kz.
Ол 2025 жылдың шілде айында Мойынқұм ауданы аумағында орын алған, екі адамның өмірін қиған қайғылы жол-көлік оқиғасы бойынша айыпты деп танылды. Сот шешімімен Гүлайым Рахмонова бес жылға бас бостандығынан айырылды, бірақ сотталған әйелдің кәмелетке толмаған төрт баласының болуына байланысты жазаның орындалу мерзімі кейінге шегерілді.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, жол апаты 27 шілде күні таңертең «Алматы — Екатеринбург» тас жолында болған. Көлік тізгініндегі Гүлайым Рахмонова шаршаңқы күйде келе жатып, басқаруға ие бола алмай, жолдың қарсы бетіне шығып кеткен. Көліктің аударылуы салдарынан ішінде болған оның туған әпкесі мен құрбысы алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды.
Ресми айыптау актісінде: «Рахмонова Toyota Land Cruiser тізгінінде келе жатып, шаршаңқы күйде рульге ие бола алмай, жолдың қарсы бетіне шығып кеткен. Машина аударылып, ішінде болған Гүлайымның әпкесі мен құрбысы екеуі де оқиға орнында қайтыс болды. Оның өзі ауруханаға түскен», — деп көрсетілген.
Сот отырысы барысында айыпталушы өз кінәсін мойындаған жоқ. Соған қарамастан, жәбірленуші тараптар соттан оған қатаң жаза қолданбауды өтінген. Қаза тапқан құрбысының әкесі оны түрмеге жаппауды сұраса, қайтыс болған әпкесінің жолдасы тіпті жаза тағайындамау туралы өтініш білдірді. Алайда сот заң талаптарына сүйене отырып, Рахмонованы кінәлі деп танып, бес жылға бас бостандығынан айыру және жеті жылға көлік жүргізу құқығынан айыру туралы үкім шығарды.
Қазіргі таңда Гүлайым Рахмонованың төрт баласы бар және ол бесінші сәбиін күтуде. Осы жағдайды ескерген сот жазаның атқарылуын бес жылға шегерді. Айта кетейік, Гүлайым Рахмонова мен спортшы Шавкат Рахмоновтың ажырасқаны туралы ақпарат жақында ғана әлеуметтік желілерде мәлім болған еді. Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ және тараптардың оған шағым түсіруге құқығы бар.