Қырғызстанның Қызылқия қаласында 24 жастағы келіншектің қазасынан соң оның күйеуі құрықталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлайды Alash.kz.
Оқиғаның мән-жайына сүйенсек, отбасылық драма 31 қазанда орын алған. Сол күні сағат 11:20 шамасында Қызылқия қалалық ішкі істер бөліміне ауруханадан шұғыл хабарлама түседі. Медициналық мекемеге Қараван ауылының 2002 жылы туған тұрғыны жеткізілгенімен, дәрігерлер оның тынысы әлдеқашан тоқтағанын тіркеуден басқа амал таппаған.
Іске дереу араласқан тәртіп сақшылары жүргізілген жедел іздестіру шараларының нәтижесінде марқұмның 1995 жылы туған күйеуін басты күдікті ретінде қолға түсірді. Тергеудің алдын ала болжамы бойынша, ерлі-зайыптылар арасында қызғаныш салдарынан жанжал туындаған. Сөзге келмей қалған ер адам жұбайын аяусыз ұрып-соғып, кейін тұншықтырып өлтірген деген күдікке ілініп отыр.
Қазіргі таңда бұл дерек бойынша Қызылқия қалалық ішкі істер бөлімінің тергеу қызметі «Адам өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Күдікті азамат адвокатының қатысуымен жауап беріп, содан соң қамауға алынды.
Құқық қорғау органдарының берген ресми мәліметінше, бұл жуапты жұп 2020 жылы шаңырақ көтерген, ол кезде марқұм келіншек 18 жаста болған екен. Оқиғадан кейін әлеуметтік желіде күдіктінің әйелін балтамен бауыздап немесе шауып өтіргені туралы түрлі қауесеттер тарап кетті. Алайда Қырғызстанның полиция өкілдері бұл мәліметтердің шындыққа жанаспайтынын ашық айтып, қауесетті жоққа шығарды.