Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Әділетті Қазақстан»: Президенттің ауқымды саяси реформалары өз нәтижесін беруде

13:00, 17 мамыр 2026

Тарихтың терең арнасынан нәр алып, жасампаздықтың жаңа соқпағына бет бұрған уақыт тоғысында әрбір ұлт өз тағдырының белестерін қайта екшейді. Ертеңгі күннің айқын арайына ұмтылған Қазақстан үшін 2019 жыл шұғыл сілкіністердің дауылына ұрынбай, ішкі тұрақтылық пен эволюциялық дамудың алтын арқауын үзбей, жаңару дәуіріне қадам басқан сәт еді. 20 наурызда ел басқарудың ауыр жауапкершілігін иығына артқан Қасым-Жомарт Тоқаев сол жылдың 9 маусымындағы кезектен тыс сайлаудан кейін, 12 маусымда ресми түрде Ақорда төрінде қызметіне кірісті. 
Президенттің тың бастамалы мен озық идеяларары туралы Alash.kz ұлттық порталы зерделеп көрді.

«КҮШТІ ПРЕЗИДЕНТ – ЫҚПАЛДЫ ПАРЛАМЕНТ – ЕСЕП БЕРЕТІН ҮКІМЕТ»

Мемлекет тізгінін Қасым-Жомарт Тоқаев қолға алған сәтте ел алдында уақыт талабына сай жаңару міндеті тұрды. Саяси билік пен бұқара арасындағы жылдар бойы қалыптасқан алшақтықты жойып, ел билігін ұстаған Президенттің сындарлы саясаты халықтың үніне құлақ түретін, әрбір тынысты сезінетін «Еститін мемлекет» тұжырымдамасына жан бітірді. 

Қасым-Жомарт Кемелұлы ТОҚАЕВ, Мемлекет басшысы:

«Қазақстан халқы қазір мүлде жаңа саяси жағдайда өмір сүруде. Соңғы 5 жылда ауқымды реформалар жасалды. Еліміздің саяси жүйесі түбегейлі өзгерді. Жұрттың сана-сезімінде бетбұрыс болып жатыр. Халықтың құқықтық мәдениеті артып келеді. Азаматтардың бойында жаңа әдеттер, дағдылар қалыптасып, жаңа құндылықтар орнығуда. Саяси және қоғамдық болмысымыз, менталитетіміз және мәдени кодымыз өзгере бастады. Бір сөзбен айтсақ, Әділетті Қазақстан құрылып жатыр. Мұның бәрі, ең алдымен, халықтың қалауымен жасалуда. Сондықтан біз алған бетімізден қайтпаймыз, бағытымыздан таймаймыз. Бүгін біз алға қойған жоспарымызды пысықтап, мақсаттарымызды айқындаймыз».

Ұлықтау рәсімінің ұлы думаны тарқамай жатып қабылданған алғашқы тағылымды шешімдердің бірі Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрылуы еді. Ұлттың үмітін арқалаған бұл алқалы органның құрамына 44 зиялы қауым өкілі (құқық қорғаушылар, тәуелсіз сарапшылар, саясаттанушылар мен биліктің кемшілігін ашық әрі өткір сынап жүрген белсенді азаматтар) кірді. Қарапайым халықпен санаспай, құпия дәліздерде пісіп-жетіліп, бұқараға тек соңғы үкімі жарияланатын маңызды шешімдер ашық әрі демократиялық алаңда талқыға түсе бастады. Мұнда саяси бағыттар ғана емес, адам құқығының қорғалуы, білім беру мен денсаулық сақтау саласының қордаланған түйткілдері, тіпті айтылуға жабық болған сырлы тақырыптар да ортаға шықты. Жаңа бастама жоғары мінберлермен шектелмей, күнделікті бюрократияның тамырына қан жүгіртті. Мемлекеттік аппараттың оң сұлбасын қалыптастырды. Мемлекет пен азамат арасындағы үзілген байланысты жалғау үшін «Е-өтініш» цифрлық жүйесі іске қосылды.  Әр өтінішке дер кезінде мазмұнды жауап бермеу тікелей жауапкершілік пен лауазымынан айырылу қаупін тудырды. Қарапайым халықтың арыз-шағымдары тартпаларда айлап шаң басып, қараусыз жатпайтын болды. Әрине, ескі жүйенің сарқыншағы ретінде құрғақ, ресми жауаптар әлі де қылтиып көрінгенімен, мемлекеттен нақты жауап алуға деген қоғамдық бақылау күшейді.

КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ РЕФОРМА: ЖАҢА БАҒЫТТАР МЕН САЯСИ БЕТБҰРЫС

2022 жылғы және 2026 жылғы конституциялық реформалар елдің саяси жүйесін заңнамалық тұрғыдан қайта құрды. Бұл өзгерістер бұған дейін қалыптасқан «суперпрезиденттік» басқару үлгісінен бас тартып, билік тармақтарының тепе-теңдігін сақтайтын классикалық президенттік республика моделіне өтуді заң жүзінде бекітті. Жаңа конституциялық құрылымның басты мұраты – билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік пен тежемелік тетіктердің мызғымас алтын арқауын өру, өкілеттіктердің бір қолға шектен тыс шоғырлану қаупін заң жүзінде мәңгілікке бейтараптандыру. Осы ұлы бетбұрыстың ең басты діңгегі әрі тарихи саяси новелласы – Мемлекет басшысының институционалдық мандат мерзімін қайта қарау. Конституциялық деңгейде Президенттің қайта сайлану құқығынсыз, тек бір реттік 7 жылдық мерзіммен шектелуі – биліктің ауысымдылығын қамтамасыз ететін және жүйенің демократиялық тұрақтылығын күшейтетін басты кепіл. Саяси жүйені тамыршылдық пен біржақтылықтан арашалау мақсатында Президент мәртебесін деполитизациялау саясаты енгізілді. Өз өкілеттігін жүзеге асыру кезеңінде Мемлекет басшысының ешқандай саяси партияда мүшелікте болмауы заңмен шектелді. Бұл қадам оның нақты бір саяси күштің мүддесінен жоғары тұратын жалпыұлттық бейтарап арбитр ретіндегі асқақ мәртебесін тұғырына бекітті. Азаматтардың мемлекеттік аппаратқа деген сенімін қалпына келтіру үшін непотизмге заңдық тұрғыдан қатаң тосқауыл қойылды. Президенттің жақын туыстарына саяси мемлекеттік қызметтерді және квазимемлекеттік сектордағы басқарушылық лауазымдарды иеленуге заң жүзінде үзілді-кесілді тыйым салынды. 

Қасым-Жомарт Кемелұлы реформалар туралы әлемдік көкжиектен қарай отыра, «Түркістан» газетіне берген сұхбатында баяндап берді:

Әлемдік тәжірибеге қарасақ, реформалар қолға алынған кезде жұртшылық оны көп жағдайда түсінбей, қабылдамай жатады. Ондай кезде барлық жауапкершілікті арқалай алатын көшбасшының рөлі айрықша. Мен Мемлекет басшысы ретінде осындай жауапкершілікті өз мойныма аламын. Болашақта да бұған дайынмын. Менімен бірге жұмыс істеп жатқан азаматтар мұны жақсы біледі. Әрине, бұл кедергісі көп, қиын жол екенін түсінемін. Тарихта реформаторлардан гөрі басқыншылар мен популистердің аты көбірек қалып жатады. Бірақ, Қазақстан үшін басқа жол жоқ. Біз бір жерде тоқтап қалмай, алға қарай нық қадам басу үшін реформаларды қалайда жүзеге асыруымыз керек.

Биліктің форс-мажорлық жағдайлардан тыныш шыға алуын бірден-бір қамтамасыз ете алатын тетік – Вице-президент лауазымының енуі. Аталған қадам Президентті сыртқы саясат пен стратегиялық шешімдерге босатып, ішкі реформалар мен атқарушы биліктің жүгін нақты бөлісетін екінші тірек нүктесін шегендеп береді.

Конституциялық реформалардың заңды жалғасы ретінде жаңа құрылған бір палаталы Құрылтай моделі мемлекеттік шешімдерді қабылдау үрдісіне бүкілхалықтық сипат берді. Мемлекет пен бұқара арасындағы ашық сұхбаттың жоғарғы институционалдық алаңына айналған бұл бірегей құрылым, маңызды стратегиялық бастамаларды тар шеңберде емес, жалпыұлттық деңгейде талқыға түсуге бастамашы болды.

Реформалардың ең ірі құқықтық әрі гуманистік жетістігі азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау тетіктерін тікелей заңдық күшке ие етуінде жатыр. Осы бағыттағы ең үлкен институционалдық жеңіс – Конституциялық Кеңестің таратылып, орнына толыққанды сот билігіне ие Конституциялық Соттың қайта құрылуы. Жоғары орган тек мемлекеттік құрылымдар арасындағы құқықтық коллизияларды шешіп қана қоймай, Негізгі заңмен кепілдендірілген азаматтық құқықтарды қорғайтын негізгі қалқанға айналды. Ендігі жерде Қазақстанның әрбір азаматы, егер қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілер оның заңды құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтірсе, Конституциялық Сотқа тікелей шағым түсіру құқығына ие. Мұндай құқықтық құзыреттің Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мен Бас прокурорға да берілуі елдегі заң үстемдігінің шынайы кепілі болды.

Конституциялық реформа мемлекеттік басқару жүйесін орталықсыздандыру (децентрализация) арқылы өңірлердің тынысын ашып, жергілікті биліктің дербестігін арттыруға жол ашты. Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдерін тағайындау тәртібі түбегейлі өзгерді. Жаңа тәртіп бойынша Президент лауазымға кемінде екі баламалы кандидат ұсынады. Ал, түпкілікті таңдауды жергілікті мәслихат депутаттары жасырын дауыс беру арқылы жүзеге асырады. Осылайша, әкімдер енді тек жоғарыдан бұйрық күтуші емес, жергілікті қоғамдастықтың сеніміне ие есеп беретін тұлға ретінде сипатталды. Бұл өзгеріс толқыны шалғайдағы ауылдарға да жетті. Ауыл әкімдерін халықтың тікелей сайлау жүйесі енгізіліп, жергілікті округтерге өз бюджетін дербес қалыптастыру және салықтардың бір бөлігін өз игілігіне жарату құқығы берілді.

Мәжіліс депутаты, саясаттанушы Ерлан Саиров «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы аясында іске асқан реформаларды тарқатып талдап, мемлекеттік саясаттың басты бағыттары жөнінде Alash.kz редакциясына пікір білдірді:

2019 жылы наурызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев билік басына келгенде «Қазақстанда демократия болмай, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету мүмкін емес» деп айтқан болатын. Міне, осы күннен бастап, Қазақстанда демократиялық реформалар басталды. Қазақстанда екі Конституциялық реформа болды. Осы реформалар аясында заң шығару процесін жасайтын Парламент құқықтарының аясын кеңейтті. Парламентке Үкімет пен Жоғарғы аудиторлық палатаның есеп беру дәрежесі артты. Сонымен бірге, Парламент көптеген халық мүддесі тұрғысынан заңдарды шығарды. Президент біздің еліміздің әлеуметтік экономикалық дамуын қамтамасыз етуде де үлкен жұмыстар атқарды. Мысалы, заңсыз кеткен капиталды қайтару жөніндегі заң бойынша бүгінгі таңда 3 трлн теңге мемлекетке қайтты. Сол ақшаға мектептер мен әлеуметтік нысандар салынып жатыр. Оған қоса, экономикалық реформалар да іс жүзінде асып жатыр. Өткен жылы Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің өсімі 6,5% болды. Бұл - өте үлкен нәтиже. Менің ойымша, қазіргі кезде әлеуметтік, саяси, экономикалық реформалар іс жүзінде жүзеге асып жатыр. Әділетті Қазақстан идеясы – Президент Тоқаевтың ең негізгі пастулаты. Қазақстанда заңсыз кеткен 11 га мемлекеттік жер қайтарылды. Сонымен бірге, осы заңсыз кеткен капиталды қайтару процесі қазір жүріп жатыр. 1,3 трлн теңге қайтарылды. 6 трлн теңге жақын арада қайтарылады деген болжам бар. Халықтың әлеуметтік деңгейін арттыру мәселесі де қазір жүзеге асып жатыр. Есімізде болса, 2019 жылы Қазақстанда минималды жалақы 40 мың теңгеден аспайтын. Ал қазір 85 мың теңгеге жетті. Енді, Үкімет осы минималды жалақыны 150 мың теңгеге жеткізу мәселесін көтеріп жатыр. Мұның барлығы – әлеуметтік әділеттілік процесінің орнап жатқанының көрінісі. Жаңа Конституцияның аясында Қазақстанда билік пен халықтың арасындағы институты «Қазақстан халқы» кеңесі пайда болады. Бұл – мемлекет пен халықтың арасындағы диалогты арттыруға бағытталғар нақты мемлекеттік институт. Сонымен бірге, осы Конституциялық реформаның аясында жаңадан құрылатын бір палаталы Құрылтайдың да Үкімет пен Жоғары аудиторлы палатамен қарым-қатынасындағы рөлі артады. Осының барлығы елімізде саяси институттардың жұмыс істеп, атқарушы, заң шығарушы институттардың тепе-теңдігінің қалыптасқандығын көрсетеді.

ӘДІЛЕТТІЛІК САЛТАНАТЫ: «ЗАҢ МЕН ТӘРТІП»

Мемлекеттік деңгейдегі саяси және конституциялық трансформацияның тиімділігі, ең алдымен, заң үстемдігінің нақты қамтамасыз етілуімен және азаматтардың құқықтық қорғалу деңгейімен айқындалады. Бұл тұрғыда «Әділетті Қазақстан» идеясы мен оның практикалық бағдары саналатын «Заң және Тәртіп» қағидаты қазіргі қоғамдық этиканың мызғымас іргетасына айналды. Мемлекеттік реформалар аясында құқық қорғау органдарының қызметінде сервистік модельге көшу процесі басталды. Аталған парадигма полиция жұмысын тек қылмысты ашу көрсеткішімен де, құқық бұзушылықтың алдын алу тиімділігімен және азаматтарға көрсетілетін көмектің сапасымен бағалауды көздейді. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2019 жылдан бері елдегі жалпы қылмыс саны 2 есеге азайған. Ал сотқа дейінгі тергеу амалдарын жаппай цифрландыру құқық қорғау жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін 40 пайызға төмендетуге мүмкіндік берді.

Әлеуметтік әділеттілікті орнықтырудың басты индикаторы ретінде қоғамның осал топтарын құқықтық қорғау тетіктері түбегейлі қайта қаралды. Бұған дейін тұрмыстық жанжалдар «отбасылық ішкі мәселе» ретінде қарастырылып, көп жағдайда құқықтық салдарсыз қалып келсе, 2024 жылы күшіне енген заңнамалық түзетулер бұл үрдіске тосқауыл қойды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік әкімшілік санаттан қылмыстық деңгейге дейін қатаңдатылды. Ендігі жерде «тараптардың татуласуы» механизмі құқық бұзушыны жазадан жалтартпайды, соның нәтижесінде 2025 жылдың қорытындысы бойынша аталған санаттағы істерді сотқа дейін жеткізу көрсеткіші 25 пайыздық өсім көрсетті.

Ұлттық саулық пен отбасы институтын іштен ірітетін деструктивті әлеуметтік құбылыстармен күрес аясында, Ұлттық құрылтайдың шешімдері негізінде лудоманияға қарсы дербес заң қабылданды. Елде 400 мыңға жуық азаматтың құмар ойындардың зардабын шегіп отырғанын ескере отырып, 25 жасқа толмағандарға, сондай-ақ борышкерлердің бірыңғай тізіліміндегі тұлғаларға ойын мекемелері мен букмекерлік кеңселердің қызметін пайдалануға, ал бәс тігу (ставка) жарнамасына заң жүзінде қатаң шектеу қойылды. Сонымен қатар, синтетикалық есірткі айналымы мен есірткі бизнесіне қарсы «мүлдем төзбеушілік» стратегиясы күшейтіліп, бұл санаттағы қылмыстарды ұйымдастырушылар үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы енгізілді.

Құқықтық мемлекеттің кемелдігін білдіретін негізгі фактор – азамат пен мемлекеттік орган арасындағы құқықтық даулардың тең дәрежеде шешілуі. Осы мақсатта қолданысқа енгізілген Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс (ӘРПК) айтарлықтай прецедент қалыптастырды. Мамандандырылған әкімшілік соттар құрылғанға дейін азаматтардың мемлекеттік құрылымдарға қарсы талап арыздарының тек 15–20 пайызы ғана қанағаттандырылып келсе, қазіргі таңда бұл көрсеткіш 60 пайыздан асты. «Кімнің жағында заң болса, соныкі дұрыс» деген презумпция мемлекеттік аппараттың лауазымдық озбырлығына берік институционалдық тосқауыл болды.

Қоғамдық консенсусты нығайтудың тағы бір стратегиялық бағыты – заңсыз иемденілген активтерді мемлекет меншігіне қайтару процесі болып табылады. Бүгінгі күнге дейін елге жалпы құны 1 триллион теңгеден астам заңсыз активтер реституцияланды. Бұл қаражат бюджеттің ағымдағы шығындарына жұмсалмай, мақсатты түрде әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталды. Нәтижесінде 465 әлеуметтік жоба жүзеге асып, жаңа форматтағы мектептер мен заманауи медициналық нысандар бой көтерді. Сыбайлас жемқорлық үшін жазаның бұлтартпастығы принципі басқарушы элита мен мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілік деңгейін трансформациялады. Аула қауіпсіздігінен сот әділдігіне, ана мен баланы қорғаудан мемлекеттік деңгейдегі реституцияға дейінгі ауқымды реформалар кешені қоғамда «Заң алдында бәрі тең» деген фундаменталды қағиданы біржолата орнықтырды.

ТҰТАС ХАЛЫҚТЫ ҰЙЫСТЫРҒАН БЕРЕКЕЛІ БАСТАМА

Қазіргі кезеңдегі әлеуметтік даму саясаты азаматтардың әл-ауқатын арттыру мен күнделікті мәселелерін шешуге басымдық беретін жаңа бағдарға көшті. Осы тұрғыда, 500 мыңнан астам азаматтың кепілсіз несиесін кешірген фискалдық амнистия белгілі бір экономикалық тәуекелдерге қарамастан, халықтың әлеуметтік тынысын ашқан маңызды қадам болды. Мұнымен қатар, миллионнан астам тұрғынға өз зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсарту мен емделуге мерзімінен бұрын пайдалану құқығының берілуі мемлекеттік қолдау тетіктерінің халықтың нақты сұраныстарына бейімделе бастағанын айқын көрсетті.

Ресурстарды әділ бөлудің институционалдық үлгісі ретінде іске қосылған «Ұлттық қор – балаларға» жобасы ұлттық байлықтан түсетін кірісті болашақ ұрпақтың еншісіне тікелей бағыттаудың алғашқы нақты тетігіне айналды. Бағдарлама аясында 7 миллионға жуық баланың дербес есепшотына 2,5 миллиард доллардан астам қаражаттың шоғырлануы – кәмелеттік жасқа толған өрендердің сапалы білім алуына немесе алғашқы баспанасын иеленуіне берілген мемлекеттік кепілдік. Адами капиталдың негізгі өзегі – сапалы білім жүйесі десек, мұғалімнің портретін түрлі қоғамдық-саяси науқандар мен қағазбастылықтың құрбаны етіп келген жүйелі дағдарысқа «Педагог мәртебесі туралы» заң арқылы заңнамалық тосқауыл қойылды. Ұстазды өз функциясына жатпайтын жұмыстарға тартқаны үшін әкімшілік жауапкершіліктің енгізілуі білім саласын саяси конъюнктурадан арашалап алудың басты құралы болды. Себебі, мұғалімнің уақытын өзге мақсатқа шығындау – ұлт болашағының білім сапасын ұрлаумен тең. Бұл үрдіс инфрақұрылымдық тұрғыдан да қолдау тауып, соңғы жеті жылда 1300-ден астам жаңа мектеп пайдалануға берілді. Ал, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қала мен ауыл арасындағы білім сапасының алшақтығын жоюды көздейді. Дәл осындай модернизациялық серпіліс «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында шалғай өңірлерде жүздеген алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысандарының бой көтеруімен және дәрігерлердің әлеуметтік пакетінің артуымен жалғасты.

Ұзақ жылдар бойы құқықтық статуссыз қалған отандық ғылым жүйесі де түбегейлі реформаланды. Ұлттық ғылым академиясына мемлекеттік және Президент жанындағы жоғары мәртебе қайтарылып, Мемлекет басшысының тікелей басқаруымен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес құрылды. Іргелі ғылымды тікелей бюджеттік қаржыландыруға көшіру, жоғары оқу орындары жанынан технопарктер ашу – ғылыми әлеуетті нақты сектормен және өндіріспен ықпалдастырудың жаңа кезеңі. Осы тұста қоғамдық ынтымақтастықтың ұйытқысы болған «Қазақстан халқына» қорының сирек кездесетін ауыр дертке шалдыққан балаларды емдеуге және оңалту орталықтарын ашуға жүздеген миллиард теңге бағыттауы әлеуметтік жауапкершіліктің жоғары үлгісін көрсетті. Бұл әлеуметтік-рухани жаңғырудың практикалық көрінісі – «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясынан анық байқалады. Бұл бастама бір реттік тазалық науқаны емес, қоғамның қоршаған ортаға, ортақ игілікке деген көзқарасын өзгертетін ауқымды мәдени қозғалыс. 

Қасым-Жомарт Тоқаев аталған акцияның халықты қоршаған ортаның тазалығы әркімнің күнделікті дағдысына айналуы қажеттігінің назарда екенін жеткізді:

«Баршаңызға мәлім, елімізде көктемнен бері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы жүріп жатыр. Бұл – тұтас халықты ұйыстырған берекелі бастама. «Таза Қазақстан» шарасына бірнеше айдың ішінде 3 миллионға жуық азамат атсалысты. Жүздеген мың үйдің ауласы тазартылды, 1 миллион тоннадан астам қоқыс жиналды. Осындай игі шаралардың арқасында қоғамда жаңа мәдениет, жаңа қоғамдық этика орнығып келеді. Мұны туған елге деген сүйіспеншілік, жанашырлық деуге болады. Ұлттың жаңа сапасы осындай нақты шаралар арқылы қалыптасады. Бұл – уақытша науқан емес. Осы маңызды жоба жыл бойы жалғаса беруге тиіс. Себебі, шынын айтқанда, кейбір санасыз азаматтарымыз табиғатты, көшелерді әлі де ластап жатыр. Осындай адамдардың әрекетіне заң бойынша тосқауыл қою керек. Бір сөзбен, қоршаған ортаның тазалығы әркімнің күнделікті дағдысына айналуы қажет», – деп атап көрсетті.  

Экологиялық мәдениетті орнықтыру мен вандализмге қарсы «мүлдем төзбеушілік» саясаты мемлекеттің стратегиялық темірқазығы – «Адал азамат» тұжырымдамасымен ішкі мазмұндас. Өйткені кез келген мемлекеттік реформаның шынайы салмағы заң шығарушы органның дәліздерінде немесе нормативтік актілердің мәтінінде емес, азаматтардың ішкі мәдениеті мен күнделікті тұрмыстық дағдысында өлшенеді. Мемлекет басшысының пайымдауынша, ұлт сапасын арттырудың басты тетігі – еңбек адамының мәртебесін көтеру.

Ұлттың зияткерлік қуатын еселеу жолында «Кітап оқитын ұлт» жобасы рухани болмыстың жаңа алтын арқауына айналды. Бұл бастама аясында еліміздің түкпір-түкпіріндегі мыңдаған білім ошақтары мен кітапханалар заманауи коворкинг орталықтары мен цифрлы хабтарға трансформацияланып, шаң басқан сөрелердің орнын интерактивті интеллектуалды кеңістіктер басты. Әсіресе, отандық баспа ісіне соны серпін беріліп, әлемдік бестселлерлер мен төл әдебиетіміздің жауһарлары қазақ тілінде заман талабына сай жүздеген мың тиражбен жарық көрді. Ауыл мен қала арасындағы рухани алшақтықты жою мақсатында шалғай елді мекендерге дейін жылжымалы кітап қорлары жеткізіліп, жас буынның заманауи әдебиетке қолжетімділігі қамтамасыз етілді. Сананы көркем сөзбен сусындатқан бұл жоба құрғақ ұрандардан ада. Елішінде жаппай танымдық мәдениет пен оқу дағдысын қалыптастырған нақты істердің шынайы бедеріне айналып үлгерді.

Мемлекет басшысы кезекті жолдауында да осыны нақтылай айтты:

«Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі. Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажет. Азаматтарға құрметті атақ берудегі түпкі мақсатымыз да – осы. Бұған дейін мұғалімдерге, дәрігерлерге және мәдениет қайраткерлеріне осындай атақтар беріле бастады. Бұл – өте жақсы бастама, оның аясын кеңейту керек».

ЦИФРЛЫҚ ДӘУІР ЖӘНЕ ЖАҢА ЭКОНОМИКАЛЫҚ АМБИЦИЯ

Саяси модернизация мемлекеттің сыртқы келбеті мен институционалдық формасы болса, экономика – оның ішкі мазмұны мен шынайы тыныс-тіршілігі. Жаңа экономикалық курстың басты мұраты – жылдар бойы қалыптасқан жүйелі теңгерімсіздікті жою. Яғни, құрғақ статистикалық есептердің тасасында қалып қоятын халықтың нақты өмір сүру сапасын арттыру болды. Осы мақсатта нарықтық бостандыққа тұсау салып, стратегиялық салаларды, логистика мен байланыс желілерін, тіпті ірі сауда базарларын уысында ұстап, баға саясатын өз еркімен белгілеп келген тар топтардың монополиясына қарсы ауқымды күрес процесі басталды. Мемлекет меншігіне қайтарылған теміржол тұйықтары мен ірі телекоммуникациялық активтер делдалдар тізбегін қысқартуға және отандық тауарлардың өзіндік құнын төмендетуге берік негіз қалады.

Ұлан-ғайыр даланың транзиттік әлеуетін ашу жолында елдің көлік-логистикалық жүйесі соны серпінмен жаңғыра бастады. Соңғы жеті жылдың бедерінде 25 мың шақырымнан астам автомобиль жолы тартылып, күрделі жөндеуден өтті; нәтижесінде Орталық пен Оңтүстікті, Орталық пен Шығысты, Батыс пен Шығысты тұтастырған ұлы дәліздер  елдің бас күре тамырлары қалыптасты. Мұнымен қатар, 1 мың шақырымға жуық жаңа болат жол төселіп, 9,5 мың шақырымдық теміржол желісі жаңартылды. Бұл қатарда «Достық – Мойынты», «Бахты – Аягөз» және «Дарбаза – Мақтаарал» сияқты ірі магистральдық жобалардың орны бөлек. Аталған теміржол тораптары елдің жүк өткізу қабілетін 5 есеге дейін арттыруға даңғыл жол ашады. Ең бастысы, негізгі логистикалық хабтардың мемлекет меншігіне қайтарылуы нарықтағы жасанды үстеме бағаларды жойып, отандық өнімнің бәсекелік қуатын еселей түсті.

Инфрақұрылымдық жаңғырудың тағы бір өзекті бағыты тіршілік көзі саналатын таза ауыз сумен халықты толық қамтамасыз ету ісі болды. Бұл бағытта, әсіресе су тапшылығы айқын сезілетін оңтүстік пен батыс өңірлерде елеулі ілгерілеушілік байқалды. Ал Екібастұз бен Риддердегі энергетикалық дағдарыстардан кейін желілерінің тозу деңгейі 80 пайыздан асқан коммуналдық саланы ретке келтіру үшін «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы өмірге келді.

Бүгінгі таңда мемлекеттік басқару жүйесі де заманауи технологиялардың демімен жаңарып келеді. Жасанды интеллектпен жаппай цифрландыру сыбайлас жемқорлықпен күрестің ең пәрменді құралына айналды. Метлекеттік қызметтердің 92 пайыздан астамының онлайн-форматқа көшуі қағазбастылықты азайтып, шенеунік пен азаматтың тікелей байланысын шектеді. Ендігі стратегиялық меже - өндіріске, медицина мен қауіпсіздік саласына жасанды интеллектіні терең енгізу есебінен еңбек өнімділігін 40 пайызға арттыру болып табылады. 2026 жылдың «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялануы да осы жаһандық мақсаттан туындап отыр.

Инвестиция тарту саясатында да тек мұнай долларына иек артқан шетелдік капиталға қойылатын талап түбегейлі өзгерді: инвестор тек шикізатты тасымалдаумен шектелмей, ел ішінде жоғары технологиялық өндіріс ошақтарын құруға, жергілікті кадрларды оқытуға және дайын өнім шығаруға міндеттелді. Автомобиль жасау мен агроөңдеу саласындағы серпіліс - Қазақстанның тек тұтынушы елден таза өндіруші мемлекетке бет бұрғанының айқын айғағы. Кәсіпкерлікке жасалған оңтайлы жағдайлар мен тексерістерге енгізілген мораторий нәтижесінде шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 40,5 пайыздық тарихи көрсеткішке жетті, қазір бұл секторда 4,5 миллионға жуық азамат еңбек етуде.

Ал аграрлық секторда осы уақытқа дейін игерілмей бос жатқан немесе заңсыз иемденілген 10 миллион гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылып, қара жердің нақты бабын табатын фермерлер мен ауыл тұрғындарының игілігіне берілді.

Түйіндей айтқанда, жүргізілген реформалар жиынтығы Қазақстанның саяси, құқықтық және экономикалық келбетін түбегейлі жаңартты. Өзгерістердің шынайы салмағы заң алдындағы теңдікте, әлеуметтік әділдікте және азаматтардың өз еліндегі қауіпсіз әрі лайықты болашағында көрініс табуда. Жаңару үрдісі алдағы уақытта қоғам мен билік арасындағы байланысты мүлдем соны деңгейге көтереді. Мемлекеттік басқару жүйесі толықтай жаңаша үлгіге көшіп, вице-президент лауазымы ел билігінің тұрақтылығы мен сабақтастығын саралайтын негізгі саяси тірекке айналады. Алдағы кезеңде құрылатын жаңа үлгідегі Құрылтай мен «Қазақстан халқы» кеңесі сияқты іргелі институттар шешім қабылдау ісіне бұқаралық сипат беріп, ел басқару ісін тікелей халықтың үнімен ұштастыра біледі. Мұндай ашықтық пен заң мен тәртіпке негізделген жаңа қоғамдық келісім елдің ұзақ мерзімді тұрақтылығын бекітіп, ұлттық байлықтың игілігін халықтың нақты қажеттіліктеріне бағыттауға, өңірлердің тынысын ашып, жас буынның интеллектуалдық әлеуетін өз Отанында іске асыруына даңғыл жол салады. Саяси жігер мен жасампаздық тоғысқан осынау бағыт Әділетті Қазақстанның басты бағдаршамы болып қала бермек.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар