Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Бүгін – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың туған күні

11:58, 17 мамыр 2026

Бүгін, 17 мамыр Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың туған күні. Мемлекет басшысы биыл 73 жасқа толды, деп хабарлайды Alash.kz. 

Қасым-Жомарт Кемелұлы 1953 жылы Алматы қаласында зиялылар отбасында дүниеге келген. Оның әкесі - қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының негізін қалаушы, белгілі жазушы Кемел Тоқаев, ал анасы - Алматы шет тілдері институтында ұзақ жылдар еңбек еткен Тұрар Шабарбаева.

Президенттің отбасында бұл күнді ерекше атап өту немесе салтанатты жиын жасау әдетке айналмаған, сондықтан бұл датаны жыл сайын қызметтік тәртіппен, жұмыс үстінде өткізеді. Мемлекет басшысы өзінің «Әке туралы толғаныс» атты ғұмырнамалық туындысында есімінің қойылу тарихын ерекше тебіреніспен еске алады. Оның есімі екі түрлі ізгі ниеттен туған:

«Өзімнің есімім үшін тағдыр көруге жазбаған көкеме қарыздармын. Ал жаны жомарт, пейілі кең азамат болсын деп армандаған анам мені Жомарт атапты».

Қасым-Жомарт Тоқаев - отандық саясатта ғана емес, халықаралық аренада да мойындалған тәжірибелі дипломат. Ол еліміздің Сыртқы істер министрі, Премьер-министрі және Парламент Сенатының Төрағасы лауазымдарын атқарды. Сонымен қатар БҰҰ Бас хатшысының орынбасары деңгейіне дейін көтеріліп, жаһандық саясатта зор беделге ие болды. КСРО кезеңінде Қытайдағы елшілікте қызмет еткен тұста, оның мінездемесіне «мемлекеттік құпияны берік сақтай алады» деген арнайы баға берілген екен.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, Мемлекет басшысы қазіргі уақытта некеде жоқ, оның Тимур есімді бір ұлы бар.

Президент ұзақ жылдар бойы салауатты өмір салтын берік ұстанып келеді. Ол мектеп қабырғасында жүргенде-ақ үстел теннисінен КСРО спорт шеберіне кандидат болған.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар