Алматы қаласының Медеу ауданында 14 мамыр күні Байқоңыр көшесінде топырақ көшкіні болды, деп хабарлайды Alash.kz.
Аудан тұрғындары оқиға орнынан видео жариялап, шамамен 3 мың текше метрге жуық топырақ жақын маңдағы өзенге жылыстап түскенін мәлімдеді.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқиға туралы хабар түскі уақытта түскен. Оқиға орнына құтқарушылар, «Қазселденқорғау» мамандары және аудандық әкімдік өкілдері жедел барған.
Арнайы комиссияның қорытындысына сәйкес, топырақтың сырғуына кәріз құдығынан аққан су салдарынан топырақтың шамадан тыс ылғалдануы себеп болған.
ТЖД өкілдері қазіргі уақытта ақау толық жойылғанын хабарлады.
Мамандардың айтуынша, тұрғындарға қауіп жоқ, тұрғын үйлерге зақым келмеген, ал жол қозғалысы қалыпты режимде ашық күйінде сақталып отыр.