Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Дала Қырандары» бірлестігі спорт алаңдары мен алкомаркеттер санына қатысты алаңдатарлық статистика жариялады

15:33, 16 мамыр 2026

«Дала Қырандары» жастар қоғамдық бірлестігі Қазақстан қалаларындағы спорт алаңдары мен алкомаркеттер санына қатысты алаңдатарлық статистиканы жариялады. Қозғалыс өкілдерінің мәліметінше, зерттелген 29 қаланың тек екеуінде ғана заманауи спорт алаңдарының саны ішімдік сататын дүкендерден көп болып шыққан, деп жазды Alash.kz. 

16 мамыр күні белсенділер бұл мәселеге қоғам назарын аудару үшін дәстүрлі баспасөз мәслихатын емес, ашық форматтағы жаттығу өткізді. Іс-шара Қарағайлы шағынауданындағы спорт алаңында ұйымдастырылып, оған журналистер мен жергілікті тұрғындар қатысты.

Кездесудің басты сәттерінің бірі — «Қазақстан жеңіліп жатыр» деген жазуы бар үлкен баннердің ілінуі болды. Онда қалалардағы алкомаркеттер саны мен спорт алаңдарының көрсеткіші салыстырмалы түрде көрсетілген. Үлкен сан ішімдік сататын нысандардың көлемін, ал кіші сан спорт алаңдарының санын білдірген.

«Дала Қырандары» мүшелері #суррогат және #жаттығу акциялары аясында еліміздің 29 қаласындағы ішімдік сауда орындары мен бұқаралық спорт нысандарына арнайы мониторинг жүргізген. Нәтижесінде кейбір өңірлердегі айырмашылықтың өте үлкен екені анықталған.

Мәселен, Атырауда 118 спорт алаңына 2985 алкомаркеттен келеді. Ақтөбеде 200 спорт алаңына қарсы 960 ішімдік сауда нүктесі жұмыс істейді. Ал Қарағандыда 94 спорт аймағына 271 алкомаркет тіркелген.

Қозғалыс үйлестірушісі Нурбол Сейткалиевтің айтуынша, қазіргі орта жасөспірімдердің болашағына тікелей әсер етеді.

«Егер әр аулада жақсы турник, футбол алаңы болып, тұрақты жаттығулар өткізілсе, елімізде дені сау әрі рухы мықты ұрпақ өсер еді. Бірақ бүгінгі статистика мүлде басқа шындықты көрсетіп отыр. Көптеген қалаларда спорт алаңынан гөрі алкомаркет табу әлдеқайда оңай», — деді ол.

Белсенділер бұл мәліметтердің барлығын интерактивті картаға енгізген. Енді кез келген тұрғын арнайы сайт арқылы өз қаласындағы нақты жағдайды көре алады.

Қозғалыс өкілдері ішімдіктің заңсыз сатылымына мониторинг жүргізу және аула спорты мәдениетін дамыту бағытындағы жұмыстарын жалғастыратынын мәлімдеді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар