Шымкентте 23 жастағы Сания Жұбанышева уақытша ұстау изоляторында көз жұмды. Ол жасөспірімді пышақтап жаралады деген күдікпен қамауға алынған еді. Алайда марқұмның адвокаты оның ісі толық әрі әділ қаралмағанын айтып, тергеуге наразылық білдірді. Бұл туралы Alash.kz порталы Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеп хабарлайды.
Адвокат Мухаммад Алиосман Оглының айтуынша, қайғылы оқиғаға дейін Сания танысының шақыруымен жастар жиналған үйге барған. Сол жерде отырған жігіттердің бірі оны еркінен тыс жыныстық қатынасқа көндірмек болып, тиісе бастаған.
“Сания қарсылық көрсетіп, одан босап шығып, далаға қашып кеткен. Қауіптенген ол құрбыларына геолокациясын жіберіп, полиция шақыруды сұраған”, – деп жазды адвокат.
Оның сөзінше, кейін сыртта ер адамдар арасында жанжал туындаған. Сол сәтті Сания видеоға түсіріп тұрған. Видеода қатысушылардың бірінің қолында пышақ бары байқалады. Сонымен қатар қазақ тілінде “Бауыздамай кетпеймін” деген сөздер естілген.
Полиция келген кезде үйден пышақ жарақатын алған жас жігіт табылған. Алайда адвокаттың айтуынша, тергеу Санияның өзіне жасалған қысым мен зорлау әрекеті туралы мәлімдемесіне тиісті құқықтық баға бермей, оны кінәлі ретінде қамауға алуға асыққан.
Екі күннен кейін адвокат Санияның уақытша ұстау изоляторында қайтыс болғанын хабарлады.
Шымкент қалалық полиция департаменті бұл оқиғаға қатысты өз нұсқасын ұсынды. Тергеу мәліметінше, 2 мамырға қараған түні бойжеткен көңіл көтеру орнынан шыққан соң танысының үйіне барған. Үйде оның кәмелетке толмаған інісі, қарындасы және достары болған.
“Куәгерлердің айтуынша, бойжеткен мен жасөспірім арасында жанжал туындап, ол өзгелердің көзінше жасөспірімге пышақ сұғып алған”, – деп хабарлады полиция.
Зардап шеккен жасөспірім ауруханаға жеткізіліп, аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Полицияның мәліметінше, Сания ұсталған күні медициналық куәландырудан өтіп, оның мас күйде болғаны анықталған. Денесінде ешқандай жарақат болмаған.
Сондай-ақ полиция 12 мамырда, яғни ұсталғаннан кейін 10 күн өткен соң ғана қыз өзіне қарсы заңсыз әрекеттер жасалғанын мәлімдегенін хабарлады.
“Үйде болған барлық адамдардан жауап алынды. Куәгерлер бұл уәждерді растаған жоқ. Соған қарамастан, күдіктінің барлық мәлімдемесі сотқа дейінгі тергеу аясында тексеріліп жатыр”, – делінген хабарламада.
Сот санкциясымен Сания екі айға қамауға алынған. 15 мамырға қараған түні ол камералас қыздарға өзін жайсыз сезінгенін айтқан. Алдын ала мәлімет бойынша, ол камералас әйелге тиесілі жүрек ауруына арналған дәрілерді көп мөлшерде ішіп қойған.
Бойжеткен шұғыл түрде ауруханаға жеткізілгенімен, бірнеше сағаттан кейін көз жұмды. Алдын ала себеп – дәріден улану.
Қазір бұл дерек бойынша суицид фактісімен қылмыстық іс қозғалып, уақытша ұстау изоляторындағы ұстау тәртібінің бұзылуы мүмкін деген күдікпен де бөлек тергеу басталды.
Істің тергелуі Шымкент қалалық полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауына алынған.