Астанада Бәйтерек монументінің маңында шампан төгіп, трендтегі видео түсірмек болған қызға 43 250 теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды Alash.kz.
Соттың мәліметінше, оқиға 27 сәуір күні түнгі сағат 01:00 шамасында Нұржол бульварында болған. Қыз Бәйтерек фонында видео түсіру үшін шампан шашып, әлеуметтік желіге арналған ролик жасаған.
Сот отырысында ол өз кінәсін толық мойындап, түсірілімнен кейін қоқысты жинап кеткенін айтқан.
Алайда сот бұл әрекетті ортақ пайдаланылатын орынды ластау деп танып, әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Қызға қоғамдық жұмыстар ұсынылғанымен, ол бұл жазадан бас тартқан. Соның нәтижесінде оған 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 43 250 теңге айыппұл салынды.