Алматы облысында жігіттің өліміне қатысты әлеуметтік желіде тараған мәлімет қоғамда қызу талқыланып жатыр. Марқұмның туыстары оны бірге кәсіп бастаған досы соққыға жығып, салдарынан көз жұмды деп мәлімдеді. Бұл жағдайға байланысты полиция қылмыстық іс қозғап, тергеу жұмыстарын бастап кетті, деп хабарлайды Alash.kz.
Threads әлеуметтік желісінде жарияланған жазбада марқұмның туысы 11 мамыр күні оның досымен жанжал болғанын айтқан. Олардың айтуынша, екеуі бірге кәуәпхана ашқан, ал сол күнгі табысты бөлу кезінде түсініспеушілік туындаған. Марқұм табысты жұмсап жібергендіктен, серіктесі ашуға мініп, оны аяусыз соққыға жыққан көрінеді.
Туысының сөзінше, жігіт 3,5 литр қан жоғалтқанша соққы көрген, сондай-ақ оның басынан доғал затпен ұрылған. Ауыр халге түскен азаматқа бірден жедел жәрдем шақырылмаған. Алдымен оны үйіне апарып, жуындырып, киімін ауыстырғаннан кейін ғана дәрігерлерге хабарласқан.
Марқұмның жақындары оның жансақтау бөліміне жеткізіліп бара жатқанда жедел жәрдем көлігінде қайтыс болғанын айтады. Дәрігерлер көкбауырының істен шыққанын жеткізген. Сондай-ақ туыстары оқиға кезінде тағы бір адамның болғанын да алға тартып отыр.
Алматы облыстық полиция департаменті аталған дерек бойынша адам өлімі фактісімен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Полиция мәліметінше, ер адамның денсаулығы кенет нашарлап, жедел жәрдем арқылы ауруханаға жеткізілген, алайда оны аман алып қалу мүмкін болмаған.
Қазіргі уақытта тәртіп сақшылары маңайдағы бейнебақылау камераларының жазбаларын зерттеп, куәгерлерден және оқиға орнына барған медицина қызметкерлерінен жауап алып жатыр. Сонымен қатар марқұмның туыстары айтқан уәждер де толық тексерілуде.
Полиция тергеу барысы облыстық департамент басшылығының бақылауында екенін мәлімдеп, тұрғындарды тек ресми ақпаратқа сенуге және расталмаған мәліметтерді таратпауға шақырды.