Астанада қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Қылмыстық іс бойынша тұрғын үйдің Мүлік иелері бірлестігінің (МИБ) төрайымы Сәуле Жұбаниязова сот алдында жауап беруде. Оған Қылмыстық кодекстің 254-бабының 1-бөлігі бойынша – міндеттеріне адал қарамады деген айып тағылған. Алайда сотталушы өз кінәсін мойындамайтынын мәлімдеді, деп жазады Alash.KZ.
Іс қоғам назарында тұрған тағы бір мәселе – Ұлдана қайтыс болғаннан кейін оның отбасына берілген 20 млн теңгенің қайда жұмсалғаны. Бұл қаржыға қатысты әлеуметтік желілерде түрлі пікір тараған еді.
Оқиға 2025 жылғы 8 қарашада Астанадағы Тәуелсіздік даңғылындағы тоғыз қабатты тұрғын үйде болған. Ғимараттың сыртқы кірпіш қаптамасы опырылып түсіп, бірнеше адам зардап шеккен. Оқиға орнына жедел жәрдем бригадасы келген. Зардап шеккендерге көмек көрсетіп жүрген 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуанның үстіне кондиционер құрылғысы құлаған. Ол ауыр жарақат алып, 10 күн бойы жансақтау бөлімінде емделген. Алайда дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады. Ұлдана 2025 жылғы 18 қарашада көз жұмды.
Қайтыс болғаннан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлдана Мырзуанды қиын жағдайда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін «Ерлігі үшін» медалімен марапаттады.
20 млн теңге қайда жұмсалды?
Ұлдананың бұрынғы күйеуі Әділет Зейнелдің отбасы бұл қаражатқа қатысты түсініктеме берген. Олардың айтуынша, әкімдік берген 20 млн теңге ресми өтемақы емес, жерлеу рәсіміне және отбасыға көрсетілген материалдық қолдау ретінде жиналған қаражат болған.
Әділеттің анасы Эльза Ерманованың айтуынша, шамамен 10 млн теңге Ұлдананың автокредитін толық өтеуге жұмсалған. Кейін көлік кепілден шығарылып, Ұлдананың ата-анасына берілген.
Қалған қаражаттың бір бөлігі Ұлдананың ұзатуына байланысты алынған несиені өтеуге бағытталған. Сонымен қатар марқұмның анасына 3,9 млн теңге, Әділетке 1,1 млн теңге, оның әпкесіне 1,34 млн теңге аударылғаны айтылды. Отбасы сондай-ақ Ұлдананың қырқына дейін ас беру және басқа да рәсімдерге шығындалғанын мәлімдеді.
Әділеттің анасы бұл қаражаттың жеке қажеттілікке жұмсалмағанын, Ұлданаға қатысты шығындарға бағытталғанын айтты.
Сонымен бірге отбасы Ұлдананың шамамен 2,3 млн теңге көлеміндегі зейнетақы жинағынан бас тартқанын, ал көлікті марқұмның туыстарына бергенін мәлімдеді.
Әділет Зейнелдің соттағы мәртебесі
Соңғы сот отырыстарының бірінде Әділет Зейнелді жәбірленуші мәртебесінен шығару мәселесі де қаралды. Оның адвокаты Әділеттің марқұм Ұлдананың анасы Сәлима Ешанқұлованың іс бойынша жәбірленушінің құқықтарын жүзеге асыруына қарсы емес екенін айтып, оның өз мәртебесін тоқтатуды сұрады.
Алайда сот бұл өтінішті қанағаттандырмады. Осылайша Әділет Зейнел әзірге қылмыстық іс бойынша жәбірленуші мәртебесінде қалды. Сот барысында одан жауап алу жоспарланған.
Іс бойынша барлығы алты адамның жәбірленуші ретінде танылғаны хабарланған. Олардың қатарында Ұлдананың анасы мен бұрынғы күйеуі, сондай-ақ ғимараттың қасбеті мен кондиционердің құлауынан зардап шеккен адамдар бар.
МИБ төрайымына қандай айып тағылды?
Тергеу нұсқасы бойынша, тұрғын үйдің МИБ төрайымы Сәуле Жұбаниязова ғимараттағы ақауларды жою бойынша тиісті шара қабылдамаған. Жәбірленуші тараптың адвокатының айтуынша, МИБ төрағасының анықталған ақаулар бойынша әкімдікке ескерту жасап, тиісті ұсыныстар енгізуге міндеті болған. Алайда бұл міндеттер тиісті деңгейде орындалмаған деген уәж айтылып отыр.
Сотталушы бұл айыппен келіспейді және кінәсін мойындамайтынын мәлімдеді. Қазір сотта алдымен жәбірленушілерден жауап алу, кейін куәлар мен сотталушыны тыңдау, сондай-ақ іс материалдары мен бейнежазбаларды зерттеу жоспарланған.
Осылайша Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сотта ғимараттың қауіпсіздігіне кім жауапты болғаны, қандай міндеттердің орындалмағаны және қайғылы жағдайдың алдын алуға болар-болмағаны анықталуы тиіс. Ал 20 млн теңгеге қатысты дау бойынша Әділет Зейнелдің отбасы қаражаттың нақты қандай мақсаттарға жұмсалғанын түсіндіріп отыр. Соттың түпкілікті шешімі әлі шыққан жоқ.