Атырау облысының Жылыой ауданында адам сүйектерінің табылуына байланысты тексеру жұмыстары жүргізілуде, деп жазады Alash.kz.
Сүйектер Құлсары қаласынан бір сағаттық қашықтықтағы Қаратон ауылының маңынан анықталды. Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбалар мен алдын ала мәліметтер бұл аумақтың тарихи жерлеу орындарымен байланысты болуы мүмкін екенін көрсетеді.
Мамандардың болжамы бойынша, сүйектер табылған жер «ескі Қаратон» деп аталатын елді мекеннің аумағына тиесілі. Бұл ауылдың тұрғындары 1990-жылдары басқа жаққа толықтай көшірілген болатын. Қазіргі уақытта аталған аумақтың нақты шекарасы мен ондағы нысандардың жай-күйі зерделеніп жатыр.
Оқиға орнындағы құлпытастарда сақталған жазулар мен даталар бұл жердің кеңестік кезеңге жататын ескі қорым болуы ықтимал екенін айғақтайды. Табылған жәдігерлер мен адам қалдықтарының нақты қай уақытқа тиесілі екенін анықтау үшін тиісті сараптамалар тағайындалуы мүмкін.