Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Абай облысында белгісіз індеттен ірі қара жаппай қырылып жатыр

03:47, 26 шілде 2022 261
Абай облысында белгісіз індеттен ірі қара жаппай қырылып жатыр. Індет бір айдан бері, әсіресе тана-торпаққа қырғидай тиген, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Абыралы өңірінде бір ғана қожалықтың 25 бас сиыры арам қатқан. Тана-торпағынан айырылған тұрғындар қазір шарасыз күйде. Өйткені дертке шалдыққан малдың саны күн өткен сайын көбейіп барады. Тұрғындар мал дәрігерлерінің сынама алу нәтижесінде қойған диагнозымен келіспей отыр. Олардың айтуынша, қызуы көтеріліп, аузы-мұрнынан су аққан сиырлар өздеріне шабуыл жасап жатыр.

"Пастереллез болуы мүмкін емес. Ауырған малдың кейбірі өзімізге шауып жатыр. Міне, айдап келе жатқан сиыр өзімді сүзді. Қолымды сындырды. Басыма да зақым келді. Сегіз күн ауруханада жатып, алдың күні шықтым", - дейді Абыралы ауылының тұрғыны Рымбек Ағыбаев.

Жұрт аталмыш дертке қарсы қымбат екпені де өз күштерімен жасаған. Дегенмен індет тоқтайтын емес. Ал әкімдіктегілер ірі қараның нақты неден арам қатып жатқанын анықтау үшін тиісті орындарға хат жолдадық деп отыр.

"Малдарды тексеріп, диагнозын анықтап беруге қатысты хат жаздық. Мал шығыны бар. Енді алдағы күндері жұмыс жасалады. "Санжар" қожалығындағы ірі қараның неден өлгенін тез арада анықтауымыз керек",- деді Абыралы ауылдық округінің әкімі Ұлан Мұқажанов.

Жұрт тана-торпақтарының пастереллез дертінен қырылмағанына сенімді. Сондықтан Нұр-Сұлтаннан арнайы комиссияның келіп, осындағы су мен жайылымнан және малдан сынама алып, кешенді тексерістің жүргізілуін талап етіп отыр.

 
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар