Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің бұрынғы төрағасы Камчыбек Ташиев өзіне қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша ақталып шығатынына сенімді. Бұл туралы оның адвокаты Икрамидин Айтқұлов Бішкек қалалық сотындағы жарыссөз кезінде мәлімдеді, деп жазады Alash.KZ порталы Dalanews.kz сайтына сілтеме беріп.
Қорғаушының сөзінше, Ташиев өзіне тағылған айыптарды негізсіз деп есептейді. Ол соттан әділ шешім шығатынына үміт артып, ешқандай заңсыз әрекетке бармағанын айтқан.
«Ол міндетті түрде ақталатынына сенімді. Бүгін болмаса, ертең ақталады. Себебі ол ешқандай заңсыз іс-әрекет жасаған жоқ», – деді Икрамидин Айтқұлов.
Адвокат сонымен бірге «75 хат» ісінің қолдан құрастырылғанын алға тартты. Оның пікірінше, қылмыстық іс аясында айып тағылған адамдарды жауапкершілікке тарту кезінде заң талаптары сақталмаған.
Бүгін, 10 қыркүйекте, Бішкек қалалық сотында аталған іс бойынша үкім жариялануы мүмкін. Соттағы жарыссөздің бірінші кезеңі күннің алғашқы жартысында аяқталған.
Үзілістен кейін сотталушыларға соңғы сөз сөйлеу мүмкіндігі беріледі. Осы рәсім аяқталған соң судьялар шешім қабылдау үшін кеңесу бөлмесіне кіріп, іс бойынша түпкілікті үкім шығарады.