Шымкентте TikTok-та «Нұрайға 72 рет пышақ сұғар едім» деп пікір жазған азамат анықталды, деп хабарлайды ALASH.KZ Newtimes.kz сайтына сілтеме жасап.
Шымкентте полиция TikTok желісінде: «Нұрайға 72 рет пышақ сұғар едім» деп пікір қалдырған азаматтың жеке басын анықтады. Ол көпшілік алдында кешірім сұрап, жазған сөздерінің қате түсінілгенін айтты.
Полиция қызметкерлері пікір авторын 10 сағатқа жетпейтін уақыт ішінде анықтаған.
Пікір иесі Дәуреннің айтуынша, ол өз пікірін «қызға 36 рет пышақ салған адамға не істер едің?» деген сұраққа жауап ретінде жазған. Оның сөзінше, ол Нұрай Серікбайды емес, күдікті азаматты меңзеген.

«Мен ешқашан қылмысты да, қылмыскерлерді де қолдаған емеспін және қолдамаймын. Егер менің сөзім Нұрайдың жақындарына ауыр тиген болса, өзімнің шын жүректен кешірім сұраймын. Менде ешқандай жаман ниет болған жоқ», – деді ол.
Марқұмның ағасы Сұлтан бұдан былай Нұрай мен оның отбасының атына жазылған қорлайтын және арандатушылық пікірлердің барлығы тіркелетінін, ал заң бұзушылық белгілері анықталса, құқық қорғау органдарына жолданатынын ескертті.
Бұған дейін TikTok-та Нұрайға 36 пышақ жарақаты салынғаны туралы видеоның астына @dkraken9 (Дәурен) есімді қолданушы «72 рет пышақ тығар едім» деп пікір қалдырған болатын. Осыдан кейін марқұмның отбасының адвокаты құқық қорғау органдарына жүгінді.
Соңғы сот отырысында марқұм Нұрайдың әкесі Бауыржан Сағымбек пен сотталушы Шерхан Аймаханның әкесі Алмахан Аймаханұлы арасында эмоциялық сөзталас болды. Марқұмның әкесі қайғылы оқиғаға дейін бірнеше рет күдіктінің әкесінен ұлына ықпал етуін сұрағанын айтты.
Сондай-ақ сотта Нұрай Серікбайды ұрлап әкету туралы хабарлама бойынша оқиға орнына барған полиция қызметкері Артықбай Әбілғазыдан жауап алынды.
Нұрай Серікбайдың өлімі
21 жастағы Нұрай Серікбай 2026 жылғы 11 қаңтарда қаза тапты. Тергеу мәліметінше, оны бұрын күштеп алып қашуға әрекеттенген Шерхан Аймахан өлтірген.
Тергеу нұсқасы бойынша, күдікті Нұрайды «алып қашу» дәстүрімен өз үйіне алып кеткен. Алайда бойжеткен оған тұрмысқа шығудан бас тартып, кейін ата-анасы оны үйіне алып кеткен. Соған қарамастан, айыпталушы Нұрайды аңдуын тоқтатпаған.
Қайғылы күні ол қызды үйінің маңында күтіп тұрған. Нұрай қашуға әрекет жасағанда, оған 35 жерден пышақ жарақатын салып, оқиға орнынан ізін суытқан. Екі тәуліктен кейін күдікті Шымкенттен шамамен 10 шақырым жерде ұсталды.
Бұған дейін марқұмның отбасының адвокаты айыпталушының мүддесін бірден төрт адвокат қорғайтынын мәлімдеген еді. Ал жәбірленуші тарап сотталушыға заң аясындағы ең қатаң жаза тағайындалуын талап ететіндерін айтты.