Гуанчжоу - Алматы бағытындағы әуе рейсінде 64 жастағы жолаушы көз жұмды, деп хабарлайды Alash.kz Tengri Travel-ге сілтеме жасап.
Оқиға 11 желтоқсанда болған. Әлеуметтік желі қолданушыларының бірі ұшу кезінде төртінші сатыдағы онкологиялық ауруға шалдыққан әйел адамның қайтыс болғанын жазды.
«Туыстарына көңіл айтамын. Менің ойымша, әр рейсте алғашқы медициналық көмек көрсете алатын дәрігер болуы керек», - деп жазды ол өз жазбасында.
Оқиғаға қатысты ақпаратты полиция департаменті растады.
«Бұл фактіге байланысты Алматы әуежайындағы желілік полиция бөлімі қылмыстық іс қозғады. Өлімнің алдын ала себебі - созылмалы ауру. Оқиғаның мән-жайы анықталуда. Нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады. ҚР ҚПК-нің 201-бабы бойынша өзге ақпарат жарияланбайды», - деп хабарлады департамент.
Марқұмның аты-жөні жарияланбады. Тергеу жалғасып жатыр.