Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

60 мың гектар отқа оранып, 14 адам қаза тапқан "Семей орманы" биыл да өрт кесапатына дайын емес

09:26, 18 сәуір 2024 614

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бірқатар орман қорықтары өрт кесапатына дайын еместігін айтты. Бұл туралы ол өрт қауіпті кезеңге дайындық мәселелері жөніндегі кеңесте мәлім етті.

Экология және табиғи ресурстар министрлігі 158 мемлекеттік орман иеленушілерді тексерді.

«Бұзушылықтардың ішінде жанар-жағармай материалдарының сатып алынбауы және қорының жоқтығы, орман өрт сөндіру бекеттері ғимараттарының апатты жағдайы немесе олардың болмауы, өрт сөндіру мұнараларының жоқтығы, арнайы техниканың тозуы анықталды. Сондай-ақ жиі кездесетін бұзушылықтар: рациялардың болмауы және қорғаныс киімдерінің болмауы» делінген хабарламада.

«Абай және Қостанай облыстарында орын алған ірі табиғи өрттердің салдары жақсы есімізде. Әрбір қызметкерді өрт сөндіру техникасымен, рациямен және қажетті құрал-жабдықтармен міндетті түрде қамтамасыз етуге ерекше назар аударғым келеді» деді Қанат Бозымбаев.

Отырыс қорытындысы бойынша премьер-министрдің орынбасары облыс әкімдіктеріне бір апта ішінде дала өртінің қаупін азайту бойынша өңірлік іс-шаралар жоспарын әзірлеп, бекітуді тапсырды.

«Облыс әкімдері өңірлік жоспардың іс-шараларының орындалуына жеке жауапкершілікте болады» деп еске алды Қанат Бозымбаев.

Сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрлігіне бір апта ішінде аэровизуалды бақылау және өртті сөндіру үшін көрсетілетін тікұшақ қызметтерінің көлемін ұлғайту бойынша ұсыныстар енгізу тапсырылды.

«Экология министрлігіне орман қорындағы өрттерді ерте анықтау жүйелерін орнату және орман шаруашылығы мен табиғатты қорғау мекемелерін материалдық-техникалық жағынан жаңарту бойынша жұмысты күшейту тапсырылды. Сонымен қатар, өрт қаупі жоғары кезеңде Ішкі істер министрлігі мен әкімдіктер орман қорында жеке тұлғалардың болуын болдырмау, оның ішінде мүмкін болатын өртке жол бермеу шараларын қабылдайды. Мұндай фактілер анықталса, азаматтар заңға сәйкес жауапкершілікке тартылады» деді үкімет.

Үкіметтің мәліметінше, бүгінде Төтенше жағдайлар министрлігінде 441 өрт сөндіру бөлімі жұмыс істейді.

«Өңірлерде 230 ерікті жасақ, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың 709 лауазымы құрылды. Вице-премьер мемлекеттік өрт сөндіру қызметі жоқ тағы 49 өрт сөндіру бекетін құруды жеделдетуді тапсырды. Өрт қаупі кезеңіне дайындық аясында 272,5 миллион гектар аумақта ғарыштық мониторинг жүргізілуде. Дегенмен, спутниктерден алынған деректер Төтенше жағдайлар министрлігінің стансасына ел аумағынан толық ұшып өткеннен кейін бірнеше сағат өткен соң жүктеледі. Бүгінгі таңда цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі виртуалды станция құрумен айналысуда, ол өртті анықтау мен спутниктік суретті жүктеу арасындағы уақытты 20-40 минутқа дейін қысқартады» деп толықтырды министрлер кабинеті.
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар