5-қаңтарда «ССГПО» акционерлік қоғамына қарасты «Соколов» шахтасында жарылыс болды , деп хабарлайды Alash.kz.
Орын алған төтенше жағдай салдарынан кәсіпорын жұмысшысы түрлі дәрежедегі жарақат алды.
Кәсіпорынның Корпоративтік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, 55 жастағы скреперлік шығыр машинисі жерасты тау-кен қазындысындағы ірі кен кесектерінің кептеліп қалуын жою жұмыстарын атқарған. Өндірістік технологияға сәйкес, бұл процесс арнайы жарылғыш заттарды қолдану арқылы жүзеге асырылған. Алайда жұмыс барысында бақылаусыз жарылыс орын алып, салдарынан ширек ғасырлық еңбек өтілі бар маман зардап шекті.
Зардап шеккен жұмысшы дереу Рудный қалалық ауруханасына жеткізіліп, оған қажетті медициналық көмек көрсетілуде. Қазіргі уақытта кәсіпорында арнайы комиссия құрылып, оқиғаның нақты себеп-салдарларын анықтау мақсатында тергеу амалдары басталды.