Қырғызстан астанасында қызметтік сапқа тұру кезінде кенеттен есінен танып құлап, кейін ауруханада көз жұмған 23 жастағы Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкері Ж.Т.-ның өліміне байланысты бес күдікті ұсталды, деп хабарлайды Alash.kz.
Марқұм 29 маусым күні таңертең қызмет барысында есін жоғалтып, Мирсаид Миррахимов атындағы Ұлттық кардиология және терапия орталығының жансақтау бөлімінде қайтыс болған. Дәрігерлердің медициналық көмек көрсеткеніне қарамастан, оның өмірін арашалап қалу мүмкін болмады. Денесін сырттай тексеру кезінде ауыр жарақат іздері байқалмағанымен, кеуде тұсында көгерген және сырылған дақтар анықталып, өлімнің нақты себебін айқындау үшін сот-медициналық сараптамасы тағайындалды.
Кейін, 22 шілдеде Ақ-Су аудандық милициясына марқұмның ағасы шағымданып, істің жаңа мән-жайын жеткізді. Оның айтуынша, 11-інен 12 маусымға қараған түні марқұм Ақ-Су ауданындағы ауылдардың біріне сүйіктісіне барған кезінде оны белгісіз адамдар соққыға жыққан. Осы оқиғадан кейін бойжеткенге барып таяқ жеген жас жігіт жағдайды ешкімге тіс жарып айтпастан, Бішкекке жұмысына аттанып кетіп, арада екі апта өткенде көз жұмған.
Тексеру амалдарының нәтижесінде құқық қорғау органдары төбелеске қатысы бар деген күдікпен Ақ-Су ауданының Ч.С., Д.Н., С.Н., Б.А. және И.А. есімді тұрғындарын анықтады. Аталған фактіге байланысты Қырғызстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 280-бабы («Бұзақылық») бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдіктілердің барлығы уақытша ұстау изоляторына оқшауланды.
Ал 23 шілде күні Ақ-Су аудандық сот шешімімен 2010 жылы туған екі күдіктіге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы белгіленді. Қалған үш күдіктіге қатысты тиісті бұлтартпау шарасын таңдау мәселесі қарастырылуда. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып, құқық қорғау органдары оқиғаның толық мән-жайын анықтау үстінде.