Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Қазақстанға қалай әсер етеді?»: Еуроодақ Ресейге қарсы жаңа санкция салды

14:27, 24 шілде 2026

Еуропалық Одақ Украинадағы қақтығысқа байланысты Ресейге қарсы шектеу шараларының 21-ші пакетін ресми түрде енгізді, деп хабарлайды Alash.kz.

Жаңа санкциялар пакеті Ресей экономикасы мен оның әскери іс-қимылдарын қаржыландыру қабілетіне ең ауыр соққы беретін негізгі салаларды қамтитын қатаң экономикалық шектеулерден тұрады.

Бұл жолы санкциялар тізіміне 48 жеке тұлға мен 170 ұйым енгізілді. Сонымен қатар 94 банк пен ірі қаржы институтының активтерін бұғаттау және оларға қаражат беруге тыйым салу шаралары белгіленді. Шектеулер тізімінен Грузия, Панама, Біріккен Араб Әмірліктері, Маршалл аралдары, Қырғызстан мен Беларусьте тіркелген 14 криптовалюталық платформа да орын алды.

Оған қоса Еуропалық Одақ ресейлік мұнайға қатысты баға шегі механизмін автоматты түрде түзетуді 2027 жылдың 15 шілдесіне дейін тоқтата тұру туралы шешім қабылдады. Рұқсатсыз тасымал жасайтын «көлеңкелі флотқа» қарсы күрес те күшейтіліп, санкциялық тізімге тағы 41 кеме қосылды, бұл шектеу салынған кемелердің жалпы санын 673-ке жеткізді.

ЕО Ресейдің әскери-өнеркәсіптік кешеніне демеушілік жасағаны үшін екі түрлі мақсатта қолданылатын тауарлар мен технологияларға қатысты қатаң экспорттық шектеулер қолданылатын тізімді 51 жаңа ұйыммен толықтырды.

Мәлімдемеде атап өтілгендей: «Бұл ұйымдардың кейбірі үшінші елдерде, атап айтқанда Қытай (соның ішінде Гонконг), Үндістан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Біріккен Араб Әмірліктерінде орналасқан. Олар Ресейдің экспорттық шектеулерді, соның ішінде микроэлектроника, сандық бағдарламалық басқаруы бар (СББ) станоктар мен жартылай өткізгіштерді өңдеу жабдықтарына салынған тыйымдарды айналып өтуіне жағдай жасап отыр».

Жаңа шектеулер пакеті Украинадағы соғысқа қатысқан Ресей Қарулы күштерінің әскери қызметшілері мен бұрынғы әскерилеріне виза беруге толық тыйым салуды енгізуге құқықтық негіз қалыптастырады. Алайда бұл норманың ресми түрде күшіне енуі бойынша соңғы шешімді ЕО Кеңесі кейінірек қабылдайтын болады. Бұдан бөлек, кейбір тауар түрлеріне қатысты қосымша экспорттық және импорттық шектеулер енгізілді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар